Италияның киесі – Кьелини

Топтық кезеңде орталық қорғаушысы жарақат алғанда Роберто Манчини жанын қоярға жер таппады.
Онсыз да ой құшағында жүретін тұйық бапкер енді қабағын мүлде ашпайтын болды. Жасы қырыққа таяған Кьелини тап осы чемпионатта жастарға үлгі, ұлттық құрамаға тұтқа еді. Тасқамал Джорджо бар болса, Италияны ешкім басынбайтын. Манчинидің бағына орай, Кьелини тез оңалды. Бірақ Бельгияға қарсы ойнайтын күні біраз ойланып қалды. Қайраты қайтпаса да, жасы біразға келген футболшы өзіне келіп үлгергені күмән туғызған. Тіпті Франческо Ачербиді дайындады. Дегенмен матчқа санаулы сағаттар қалғанда тәуекелге бел байлап, Кьелиниді негізгі құрамға қосты. Өйткені Ромелу Лукакуды тұсап ұстау қиынға соғар еді. Ер Джорджо Манчнини тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Лукакудың адымын аштырған жоқ. Нәтижесі сіздерге мәлім.
Ширек финалда өзіне келген Кьелини Испанияға қарсы ойынға тас түйін дайын шыққаны түсінікті шығар. Луис Энрике шәкірттері ә дегеннен алға лап беріп, Леонардо Бонуччи мен Кьелинидің қытығына тиді. Қайта-қайта шабуыл ұйымдастырып, екеуін шаршатып алуға тырысты. Енді ше, Ферран Торрес 21 жаста, Дани Ольмо 7 мамырда 23-ке толды. «Лейпцигтің» жартылай қорғаушысына Мадридтің «Реалы» қызығып отыр. Көз салғаны анық. Енді сөз салуы мүмкін. Иә, бір кілтипан бар. Ольмо «Барселонаның» түлегі. Тіпті 16 жасында өз тұстастарының арасында ерекшеленіп, жасөспірімдер командасының капитаны атанды. Мамандар Ольмо «Барса» сапына ілігеді деп жүргенде, Загребтен бір-ақ шықты, жергілікті «Динамоға» ұнаса керек. Кейін Германияға ауысты. «Лейпциг» сапында 32 ойын өткізіп, бес гол соқты. Тоғыз рет әріптестеріне нәтижелі пас берді.
Кьелини туралы айтып отырып, Дани Ольмоға көшуімізде мән жатыр. Осы жігіттің өзі-ақ Италия қорғанысын бұзып-жаруға қабілетті еді. Жартылай финалдан кейін сөз алған Луис Энрике: «Бүгін Ольма өте жақсы ойнады. Италияның екі орталық қорғаушысы жасытып тастар деп ойлап еді, керісінше, олар Даниден құтылуға асықты. Ольмо солға қарай да ойысып ойнады. Ақылы көп. Ойлы футболшы. Бүгінгі ойынның үздігі десек те жарасады. Бұл жігіттің болашағы зор», – депті. Демек, Ольмо «Скуадра Адзурра» қорғанысына қаншалықты қысым жасағанын ойлай беріңіз. Өткір пышақтай, лыпып тұрған жас таланттар бәрібір Бонуччи-Кьелини қамалының сапалы екенін мойындады. Әсіресе бірінші таймда. Испания бірден лап берді дедік қой. Шабуылдың жалынан қайтаруға екі орталық қорғаушы да көп күш шығарды. Сабырлы Кьелини допты аяғына қондыра қойып, жан-жағын бағамдап барып әріптестеріне пас ұсынды. Дөй дала тебе салу оның қанында жоқ. Шымыр жігіттің шеберлігі ғой, әуелеген доптың бәрін өз еркіне бағындырғаны. Қысқасы, Кьелини күліп қойып, командалас достарына дем берді. Шаршау қайда, кейде ортадан сытылып барып, Унаи Симион қақпасына таяу маңнан пас таратты. Тоқсан минут артта қалып, овертайм басталғанда да Джорджо жымиып алып, жұмысына кірісті. Ең кереметі – пенальти сериясы алдындағы көңіл күйі.
Жорди Альба екеуі төреші Феликс Брыхтың қасына барып, алдымен қай қақпаға доп тебетінін анықтамай ма?! Кьелини бас төрешіге күліп қарап, тиффозилар толып отырған жақты нұсқады. Брых бастаған төрешілер әзілді түсінді. 120 минуттық ойыннан кейін ентігін әлі басып үлгермеген Феликс тіпті абдырап қалды. Қолындағы тиынын дұрыс лақтыра алмай, босаңсып қалғандай болды. Оған Кьелини рахаттана күлді. Өйткені тиын тиффозилар отырған жақты таңдаған. Альбаның түрі әлемтапырық. Тап бір қазір ғана өрт сөндіріп келгендей түтігіп тұрды. Төреші қасына келгелі еркіндікті ұмытып, кейпі соғыс алдындағы сарбазға ұқсады. Иә, футбол алаңындағы майдан әлі жалғасып жатқан. Кімнің финалға шығатыны белгісіз еді.
Пенальти сериясы – жүйкеге жүк түсіретін жұмыс. Оған да мінез керек және оны Кьелини де жақсы біледі. Мына жайбарақат тұрысына қарап, Джорджо үшін ойын аяқталды деуге әсте болмайды. Италияға да финал керек. Тек әріптестерін уайымнан арашалап алу үшін осындай қадамға барды Кьелини. Өзі де еңселі ғой. Еңгезердей Кьелини өзімен салыстырғанда қолтоқпандай Альбаны енді еркелетіп, иегінен саусағымен түртіп қойып, сабырға шақырғаны да жұрт назарында. Жеребе тартылып, қай қақпада кімнің бірінші болып доп тебетіні анықталғанда қаусыра құшақтап алып, буынын үзіп беріп, жолға салғаны да тек Джорджоға жарасатын қылық еді.
Екі капитан өз командаларына қарай тартты. Альба жадырай алмады. Бастапқы қалпымен әріптестеріне қосылып, онсыз да көздері шарасынан шыққандарға басу айта алмады. Ал Кьелини жайбарақат, тап бір жоғалған малын тапқан адамша адымдап, Италияның пенальти тебетін және тебуге дайын жүретін жігіттеріне жігер сыйлады. Осы көріністің өзі кімнің асығы алшы түсетінін аңғартқандай. Джорджо Кьелини секілді көшелі серкесі бар Италияның көшеде қалып кетпейтіні шындық қой, енді. Сын сағатта жауапкершілік пен түскен салмаққа арқа тосатын капитаны бар команда енді финалда өнер көрсетеді.
Ойыннан пайым
Кьелиниге сүйсінген жазбада матчтың қалай басталғанынан хабардар еттік, білем. Испания жылдам гол соғудың қамына кірісті. Алғашқы он бес минутта қарсыластарына доп бермеді десе де болады. Жарты сағаттан кейін Роберто Манчини ойыншы ауыстыру жайын ойлады. Көмекшілері арқылы бір-екі өткір футболшыны шақырып алып, жанына келгендерге тапсырма бергендей болды. Матч трансляциясының режиссерлері Федерико Кьезаға камера бұрып, «осы жігіттің ойыны сұйылып тұр» дегенді емеуріннен танытты және «тап қазір Кьеза алаңдағы орнын босатып береді» дегенді меңзеді. Мұнда да қисын бар. Дәл қазір Чиро Иммобилені алып тастай алмайды. Лоренцо Иньсине де әбден керек. Ойынды жүргізу үшін жаңа леп қажет болса, әрине, Кьезаға кезек келіп тұр. Доменико Берарди мен Мануэль Локателли дайын еді. Манчини не де болса үзіліске дейін шыдауды жөн көрді.
Испания шабуылы бәсеңдеген жоқ. Қайта өрши түсті. Тіпті гол соғатын мүмкіндіктер де пайда болды. Талантты қақпашы Джанлуиджи Доннаруманың да жүйкесі темірден секілді. Сабазың сыр алдырмайды. Ақпан айында 22-ге толған жас жігіт сондай сабырлы. Бірінші таймның өзінде жоқ дегенде үш сейф жасады. Кьелини мен Бонуччи жүргенде алаңдамайтыны анық қой, десе де, Микель Ойарсабаль ойқастап шыққанда жолын кес-кестеп, добын тосу оңай шаруа емес. Микель, негізі, қосалқы құрамның ойыншысы еді. Ойда-жоқта Италияға қарсы алаңға бірден шықты. Бұған дейін алғы шептегі үштіктен Альваро Мората табылатын. Сарабиа секілді сұрмергенге де сенім артылатын. Бірақ матч басталмай тұрып, Луис Энрике Паблоның жарақаты бар екенін айтты. Ойарсабальдің де өзіндік қабілеті байқалады.
Айтпақшы, кейбір мамандар Моратаның қосалқы құрамда қалуына Кьелинидің әсері бар дегенді де алға тартады. Екеуі кезінде «Ювентуста» бірге ойнады. Джорджоның өзі ішек-сілесі қатып отырып айтатын әңгімесі бар. Мазмұны мынадай: «Мен туралы Мората былай дейтін көрінеді: Кьелини дейтін бар. Ойынды қоя беріңіз, жаттығудың өзінде да жабайы аң секілді. Ту сыртыңнан тап береді. Аяу деген жоқ. Доп оның азығы секілді. Өзіне тиесілі етті қызғанатан горилла бар ма – тап соның өзі». Біздіңше, Луис Энрике таңдауы. Өзіндік тактика ұстанған секілді. Бонуччи мен Кьелини түрік Йылмазды да, бельгиялық Лукакуды да алаңда «түтіп жеді» ғой. Моратаға да доп бермейтіні белгілі. Микель жылдам және аяғындағы доптан айырыла қоймайды. Шынын айту керек, бірінші таймда солай болды да. Ойарсабаль ойынға ерекше серпін қосты. Қырық бес минут Италия шабуылшылары бос жүрде деуге келмейді. Оң жақтан Кьеза тап берген сәтті көрдік. Сол қанаттан Инсинье де құстай ұшып, допты жетекке алды. Бір-екі рет қорғаушылардан сытылып өтіп, қақпаны нысанаға алған. Дәл көздей алмады бірақ.
Үзілістен кейін алаңдағы көрініс сәл өзгерді. Енді Италия да доп ұстауға күш салды. Уэльс пен Австрияға қарсы ойнай алмаған 36 жастағы Джорджоны қайта тілге тиек етуге тура келеді. Тоқсан минут бойы сыр алдырған жоқ. Кемі төрт қауіптің бетін қайтарды, испан шабуылшысының аяғындағы допты бес рет тартып алды. Пас берудегі дәлдігі де кісі қызығарлықтай. Ұсынған добының 84 пайызы әріптестерінің аяғынан табылған ғой. Алдасқан кезде қарсыласының бәрін сан соқтырған. Доп көбіне «қызыл фурияда» болғанын ескерсек, Кьелини мен Бонуччиге және Ди Лоренцо мен Эмерсонға түскен салмақты сезінетін шығарсыздар. Есепті Италия ашатын жөні бар, ендеше. Өйткені қорғаныс сыр бермеді. Ұлттық құраманың шабуыл ұйымдастыруға жауапты жігіттері алаөкпе болып, құр жүгіре бермегені анық. Ұрымтал сәттің бірінде Федерико Кьеза есеп ашты. Оның гол соғу жағынан табысы әкесі Энрикодан да асып түсті. Энрико Кьеза Еуропа біріншілігінде тек бір ғана гол соқса, Федерико екінші добына көрімдік сұрады.
Айтпақшы, Луис Энрике екінші таймда Альваро Моратаны ойынға қосты. Ол үмітін ақтады. Сексенінші минутта таразы басын теңестірді. Кездесу овертаймда жалғасып, қарсыластар бірін-бірі ала алмады. Пенальти тебіскен кезде Италияның бағы жанды. Мүлт кеткен әлгі Альваро. Неге екені белгісіз, испаниялық жанкүйерлер осы Моратаға соқтыға береді, сын садағын бағыттап. Тап бір Альваро ғана Испания футболын артқа тартып жүргендей. Рас, бұл ойында шешуші пенальтиді ол мүлт жіберді. Сол-ақ екен, ащы сөздер қардай борасын. Артықтау кеткен біреуі «Әй, Мората, допты түзу тебетін аяқ сатып алсаңшы» деп «кеңес» беріпті. Оған жаситын Альваро ма, «Ойын кезінде таразы басын теңестіруге жараған аяғым әлі де талай гол соғады», – деп жауап беріпті.
Кереуетте айтылған әнұран
Италия құрама командасының үздік қорғаушысы Леонардо Спинаццоланың ширек финалда ауыр жарақат алып қалғаны белгілі. Сіңірі үзіліп, операция жасатты. Тіпті оның жақын арада жарысқа оралуы екіталай. Мамандар кемі жарты жыл уақыт керек екенін алға тартады. Испанияға қарсы ойында оның орнын Эмерсон басты. Леонардоға қайдан жетсін, пайдасын Манчини айта жатар, айтарлықтай зиян шектірмегені де шындық.
Рас, Спинаццоланың жоқтығы байқалып тұрды. Оның өткір пастары, әбжілдігі әбден керек еді. Әсіресе қиын-қыстау кезде ойын тізгінін өз қолына алатын батылдығы да Италияға жетіспей жүрді. Біздің шетелдік әріптестер де пысық қой. Матч басталар алдында екі елдің әнұраны айтылады. Сол кезде төсектегі Спинаццоланың дәл сондай екпінмен әнұранды алаңдағы достарымен бірге шырқағанын ақпарат құралдарына жариялап үлгерді. Леонардо ұлы екеуі бүкіл ынта-жігерімен шырқады. Оған да оңай емес. Дәл қажет кезде матчты алыстан тамашалау.
Ойын аяқталып, Италия жеңіске жеткеннен соң да, ұлттық құраманың көгілдір жейдесін киіп алып, шаттығын жастықпен бөліскен Спинаццоланың қуанған сәтін жариялады. Демек, Леонардо да «Скуадра Адзурраның» бір бөлшегі. Оның да тілеуі қабыл болып, командалас достары Еуро шыңын бағындыруға бір қадам жақындады.
Бүртігі бар қолғап
Еуропа чемпионатының ең талантты жас футболшысына кімдердің лайық екенін тап басып айту қиын. Өйткені үміткерлер өте көп. Соның бірі – Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма. Ол әсіресе плей-офф бәсекелерінде өзіндік шеберлігін паш етуде. Мысалы, Бельгиямен өткен ойында аянбай тер төкті. Азулы қарсыластарының бірнеше соққысын қайтарып, матчтың үздік ойыншыларының қатарынан орын алды. Испанияға қарсы ойнағанда да сейфтен тау тұрғызды. Альваро Моратаның тепкен добын да қақпасына дарытқан жоқ. Мүмкін, оның өзіндік бір құпиясы бар шығар?
Қазір Джанлуиджидің қолында Adidas Predator Pro Hybrid қолғабы жүр. Сыртында резеңкеден 288 бүртік түскен қолғап Доннарумманың өз қалауы бойынша тігілген. «Әсіресе әуелеп келген допты қайтаруға сондай қолайлы», – депті өзі. «Миланның» түлегі адамның миына қонбайтын шешімге барыпты. Қолайсыздау көрінгенімен, өзіне жақсы, кие берсін. Айтпақшы, қазір оның қай командада өнер көрсететіні белгісіз. Тіпті ПСЖ шақыруы мүмкін. Кейлор Навастың қасына бара ма? Бұл сауал дәл қазір Италия құрамасының негізгі қақпашысының басын ауыртпайтыны анық. Өйткені бар ынта-жігері Еуро-2020 жарысына ауған. Соңғы 26 кездесудің 15-інде өз қақпасына гол жібермеген қақпашы енді финалда да жасындай жарқылдауды аңсайды. Осы бетінен таймаса, турнирдің ең жас үздік ойыншысы атануы әбден мүмкін.
Жоржиньо деген жігіт бар
Италия сапындағы үздік бес ойыншыны атауға тура келсе, жұрттың бәрі Жоржиньоны тізімге қосар еді. Тегі – бразилиялық, тұрағы Аппенин түбегі болған осы бір ойыншы орталық жартылай қорғаушы қызметінде. Матч кезінде шаршау дегенді білмейді. Өз айып алаңынан қарсыласының айып алаңына дейінгі ұлан-ғайыр жерді таптап, командасының жеңіске жетуіне бар жағдайды жасайды. Рас, Испанияға қарсы ойында дәл өзіндей қызметте жүрген Серхио Бускетстен жеке көрсеткіштер жағынан қалып қоюы мүмкін. Бірақ ұқыптылығы мен жанкештілігі жанкүйерлерге ұнады. Дәл осы матчта Доннарумма мен Кьелиниден, Бонуччи мен Кьезадан кем ойнаған жоқ. Еңбегі сіңді. Салмақты жігіт. Жанып кеткен жоқ. Алысқа пас беретін қабілеті оның шоқтығын биіктетіп тұр. Пенальти тепкені қандай ғажап! Жартылай финалдың шырайын келтірген гол болды. Орындаушылық шеберлігіне талайлар таңдай қақты. Жоржиньо жымиып қойып, енді финалға дайындалады.