Итбалықтар да жылайды

Кейінгі кездері Каспий итбалықтарының белгісіз себеппен жаппай қырылып жатқаны туралы ақпарат жиі айтыла бастады.
Ең әуелі сәуір айында Каспий теңізінің жағалауынан жүзден астам итбалықтың өлігі табылды. Кейіннен Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында 79 итбалықтың өлгені белгілі болды. Ал жақында Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағасынан 151 итбалықтың өлексесі табылды.
Мамандар итбалықтың өлу себебін «аяқасты өлім» болуы мүмкін дейді. Яғни қоректік жетіспеу сияқты табиғи себептерден өлмеген. Күтпеген жағдайдың мұрындық болуынан жаппай қырылған деп топшылайды. Қазір итбалықтардың нақты неден өлгенін ғалымдар анықтап, зерттеп жатыр. Себебін білуге кемі 1,5-2 ай уақыт қажет дейді.
Соңғы бір ғасырда итбалықтардың популяциясы 90 пайызға азайған. Олардың өлімінің, жаппай қырылуының себебі әртүрлі. Әуелгісі жер сілкінісі, теңіз астындағы табиғи газдардың бөлінуі, ғалымдар мұны «табиғи факторлар» деп атайды. Кейінгісі – қоршаған ортаның бүлінуі, Каспий теңізіндегі мұнай өндірісі, бұлар да итбалықтардың ажалына себепші. Мұны «адам қолынан жасалған қиянат» деген жөн болар. Сондай-ақ ертеректе Каспий итбалықтары елу жыл өмір сүрсе, қазіргі зерттеулер олардың орташа жасының отыздан аспайтынын анықтаған. Демек, соңғы жылдары итбалықтар қартайып, өз ажалынан гөрі сыртқы себептердің кесірінен көбірек қырылатын болған. Бұл да олардың санының азаюының бір себебі.

Каспий теңізі бес мемлекетпен шектеседі. Осы бес мемлекет те итбалықты Қызыл кітапқа кіргізген, олар айрықша қорғалады. Алайда осыған қарамастан итбалықтар жыл өткен сайын азайып барады. Каспий итбалығын зерттеуші Әсел Баймұқанованың сөзінше, итбалықтардың азаюының тағы бір себебі – теңіздегі регрессия салдары. Яғни аралдар жоғалып, бір-біріне қосылып, тіпті жойылып кетеді. Осыдан соң итбалықтар амалсыз жаңа қоныс іздеуге мәжбүр болады. Мысалы, 2009-2011 жылдары Каспийдің солтүстігінде Дурнева аралында 25 мыңға дейін итбалық мекен еткен. 2016 жылы олардың саны 200 болса, 2019-да 69 итбалық қана қалған. Теңіз деңгейі төмендеуіне орай аралдар саязданып, итбалық басқа жаққа қоныс аударған.
Жалпы итбалық деген қандай балық, олардың тіршілік дағдысы қалай, немен қоректенеді, қалай өмір сүреді, қандай басты ерекшеліктері бар? Біз бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейтін боламыз.
Итбалық – су сүтқоректілер отрядына жататын жануарлар тобы болып есептелінеді. Мұның ішінде ескекаяқтылар отрядына жатады.

Ескекаяқтылар – денесі ұршық тәрізді сүйір, бес саусақты аяқтары ескек іспетті, құйрығы қысқа. Негізінен суда өмір сүруге бейімделген.
Зерттеулерге сүйенсек, ескекаяқтылардың тарихы тым терең. Мысалы, археологтар тапқан ескекаяқтылардың қазба қалдықтары Миоцен дәуіріне тиесілі екені анықталды. Ескекаяқтылар Атлант мұхиты, Тынық мұхиты, Солтүстік Мұзды мұхит жағалауларында, Балтық теңізі, Қара теңіз, Каспий теңізінде тіршілік етеді. Олардың дене тұрқы 1,2 метрден 6 метрге дейін, салмағы 40 келіден 3600 келіге дейін жетеді. Басы үлкен, қысқа мойыны денесімен тұтасып, біте қайнасқан, жұмыр. Алдыңғы, артқы аяқтары ескекке ұқсас болғандықтан оларды «ескекаяқ» деп атайды. Сондай-ақ ескекаяқтардың қалың майы дене температурасын реттеу қызметін атқарады әрі қоректік зат қоры саналады. Олардың түгі – ересектерінде біркелкі қалың қылшықты, ал күшіктерінде – үлпілдек мамықты болып келеді.
Ескекаяқтылардың көру, есту, иіс сезу, тыныс алу мүшелері жақсы жетілген. Негізгі қорегі – балықтар, шаянтәрізділер. Аталықтары аналықтарынан ірі болады. Көбею кезінде бір орынға топталып жиналады. Көпшілік түрлері жеке жұп құрады. Аналықтары 3-4 жаста, аталықтары 5-6 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Буаздық мерзімі 11-12 ай. Жылына бір рет, көбіне бір ғана күшік туады. Анасын 1-2 айдай емеді.
Ескекаяқтылар cуда тіршілік етуге бейімделген, құрлыққа, не мұз үстіне тек шағылысу кезінде, күшіктегенде, түлегенде және тыныққан кезде ғана шығады. Олардың дене пішіні балыққа ұқсас сүйірлене біткен, көпшілігінде құлақ қалқаны болмайды, бірақ дыбысты жақсы естиді.
Ескекаяқтылар отрядының бір тұқымдасы Нағыз итбалықтар деп аталады. Сыртқы құлақ қалқанының болмауына қарай бұларды «құлақсыз итбалық» деп те атайды. Олардың артқы аяқтары қысқа келеді. Сондықтан құрлықта қозғалғанда бұл аяқтарының ешқандай көмегі тимейді.
Итбалықтардың жалпы 22 туысының қазіргі кезде 13 туысы, 18 түрі сақталған. Олар Солтүстік Мұзды мұхит теңізінде, Антарктида жағалауында және кейбір үлкен ішкі су айдындарында тіршілік етеді.
Итбалықтар ауа райы күрт өзгерер алдында теңіз жағалауындағы жартастар арасындағы бұғаздарға тығылып, жауынан, қатты дауылдан қорғанады. Олардың тағы бір ерекшелігі – судың терең қабаттарына түсіп, ұзақ уақыт жүзе алады. Солтүстік жартышардағы итбалықтар мұз үстіне шығып тынығады, әрі мұз үстінде күшіктейді, ал Оңтүстік жартышардағы түрлері – тынығу үшін жағалауға шығады. Бір қызығы – итбалықтардың түйсік қабілеті жоғары дәрежеде дамыған. Мысалы, олардың денесіне қатты соққы тиген кезде көздерінен жас ағып «жылайды», тіпті әсем музыка әуеніне елітеді.
Қиыр Солтүстік тұрғындары итбалықты еті, майы, терісі үшін аулайды. Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына кірген итбалықтарды заңсыз аулауға қатаң тыйым салынған. Алайда шет елде және елімізде ауға түсетін итбалықтардың саны азаймай тұр. Қазақстанда жасайтын итбалықты Каспий итбалығы деп атайды. Ол – нағыз итбалықтар тұқымдасына жататын ескекаяқты сүтқоректі аң.
Каспий итбалығын қазақ түлен деп атайды. Оның дене тұрқы 125-160 сантиметр, салмағы 65-80 келі. Суда тіршілік етуіне байланысты дене құрылымында сол ортаға бейімделуі басым. Басты ерекшелігі – мойны денесімен тұтасып біткен, сондықтан басы бөлектеніп, көрінбейді. Құлақ қалқаны болмайды, аяқтары ескек тәрізді, башпайларының арасында қалың тері жарғақтары болады. Арқасындағы ақ түсті теңбілдері айқын көрінеді, бауыры ақшыл тартып тұрады.
Каспий итбалықтары тек Каспий теңізінде ғана жасайды. Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында кейде кездесіп қалады. Әсіресе Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда қыс айларында жиі ұшырасады.
Көбінесе суда тіршілік етеді. Тек түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. Шағылысуы ақпанның ортасынан наурызға дейін жалғасады. Бір жылдан кейін 1 кейде 2 күшік табады. Күшігін ақүрпек деп те атайды. Ақүрпектер енесінің бауырынан шықпай 3-4 тәуліктей қоректендіреді. Сөйтіп әл жинайды. Кейіннен, 2-3 айда әбден семіріп, қоңданады, бұл кезде оларды «май итбалық» деп атайды. Ал бір жылдан кейін терісінің реңі бірнеше рет өзгереді, осыған байланысты оларды «қара итбалық» дейді. Негізінен Каспий итбалығы да басқа тұқымдастары секілді шаянтәрізділер және моллюскілермен қоректенеді. Каспий итбалығының терісі мен майы өте бағалы, сол себепті көп ауланады.
Каспий итбалығы тез семіреді. Мысалы, ересек түлен күзге қарай бойына 40-70 келі май жинайды. Оның майы медицинада және парфюмерияда кеңінен қолданылады.
Қазіргі уақытта Каспий теңізінде шамамен 400-450 мыңдай Каспий итбалығы тіршілік етеді. Алайда олардың саны жыл сайын азайып барады.

Итбалықтар туралы қызықты деректер
1. Бұл сүтқоректілердің дене салмағы 40 келі, салмағы 2,5 тоннаға дейін, ал ұзындығы 1-6 метрге дейін жетеді.
2. Итбалықтар жақсы дамыған иіс сезімімен ерекшеленеді, олар иісті 500 метрге дейінгі қашықтықтан сезеді.
3. Итбалықтар ұйқыға сергек. Түнде айналасын барлап, тексеру үшін бірнеше рет оянады.
4. Итбалықтар құрлықта да, суда да ұйықтай алады.
5. Итбалықтар құрлықтағы немесе құмырсқа тәрізді ата-бабалардан пайда болған деп есептеледі (шұбарлар туралы қызықты деректер).
6. Итбалықтардың майы оларға жақсы жүзу қабілетін сақтауға көмектеседі.
7. Су астында сүңгу кезінде итбалықтардың жүрегі минутына 10-15 рет соғады, ал әдеттегі кезде 120-ға дейін соғады.
8. Итбалықтар балықты шайнамайды, тұтастай жұта салады. Асығыстау болса, үлкен бірнеше бөлікке бөліп жей салады.
9. Итбалықтардың шамамен 33 түрі бар.
10. Итбалықтардың өмір сүру ұзақтығы жынысына қарай өзгереді. Аналығы аталығына қарағанда ұзағырақ өмір сүреді, орташа есеппен 35 жыл, ал аталықтар шамамен 10 жыл өмір сүреді.
11. Итбалықтарға жататын теңіз арыстаны су астында 2 сағатқа дейін тұра алады. 1,5 шақырым тереңдікке дейін сүңгиді.
12. Итбалықтарда құлақ болмайды. Оның орнына арнайы түтік болады. Суға түскенде әлгі түтік бұлшықетпен жабылып қалады.
13. Тек итбалықтар өте мейірімді, туыстарына жанашыр әрі қамқор.
14. Итбалықтардың жасы азу тістерінің түбіндегі шеңберлердің санымен анықталады.
15. Сезімтал мұрттары итбалықтарға суда жүруге көмектеседі. Олардың көмегімен жануарлар кедергілердің орнын дәл болжап, сәтті айналып өтеді.
16. Итбалықтар үшін басты қауіп – акулалар, ақ аюлар, киттер және адамдар.
17. Солтүстік итбалықтар аштыққа төзімді келеді. Олар кейде айдан астам уақытты мұхитта тамақ іздеп өткізеді.
18. Итбалықтар суыққа да төзімді. Тері астындағы май қабатының арқасында олар су ортасының критикалық температурасына дейін төтеп бере алады. Тіпті -80 градусқа дейін шыдайды.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ