Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:05, 12 Мамыр 2023

Иттен ақша сауғандар

None
None

Қазақстанда парадокс көп. Мәселен, көпбалалы аналар үшін әр баланың күтіміне айына 13 мың теңге төленеді.

Жылына 156 мың теңге. Ал түрмедегі қылмыскерді асырап-бағуға жылына 1 миллион теңге кетеді екен. Оны 12 айға шақсаңыз, шамамен 90 мың теңгеден айналады деген сөз. Бала да, түрмедегі жазасын өтеуші де адам. Ал мына қызықты қараңыз, Қазақстанда бұралқы итті бағуға 15 күнге 96 мың теңге жұмсалады дейді. Мұны бір айға еселесек – 192 мың теңге, бір жылға есептесек – 2 млн 300 мың теңгеге барып жығылады. Сонда Қазақстанда адамнан ит артық деген сөз бе? Басқаша балама таба алмадық.

31 жасында депутат болғанын айтып, қуанышын жасыра алмаған «Аманаттың» жас толқыны Нартай Аралбайұлы парламенттегі ең алғашқы сауалын иттерден бастады. Мәжіліс мінберінен тепсініп тұрып «қаңғыбас иттерді асырап-бағудың қажеті жоқ, бірден көзін жою керек» дегенді өз мақамына салып тұрып оқыды. Нартайша «қаңғыбас ит», ал бізше бұралқы иттің мұңы енді екі дүниеде Аралбайұлының есінен еш кетпес. Қайтсін, мәжіліс деген мансапқа жеткен күнгі алғашқы сауалы, басқа тақырып құрып қалғандай төрт аяқтыдан басталса?!

Әңгімені Аралбайұлы туралы емес, бұралқы ит пен бала күтіміне бөлінетін қаржыдан бастадық қой. 2022 жылы бекітілген бала күтіміне байланысты деректерді қараңыз! Мәселен, бірінші балаға 19 897 теңге бөлінсе, екіншіге 23 495, үшінші балаға 27 083, төртінші бала үшін 30 705 теңге төленеді екен. Мұны айға емес, жылға еселесеңіз де, бұралқы иттің бағым қаражатына жетпейді.

Бала күтіміне бөлінетін қаржыны сотталушыға кететін ақшамен де салыстырып есептеп көрдік. Сотталушы ғана емес, тергеуде жатқан күдіктіні де асырап-бағуға қомақты қаржы жұмсалады бюджеттен. Айталық, соңғы мәліметтерге сүйенсек, тергеуде жатқан адамға күніне 2500, жылына 876 мың теңге шығындалады. Қазақстандықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі былтырғы деректер бойынша 60 мың теңге деп көрсетілген. Бұл да парадокстың көкесі. Аяқ-қолы бүтін бір азаматтың табысын күн сайын түрмеде жатқан сотталушының тамағына төлеп отырмыз...

Бұған дейін итті атуға мемлекеттен қомақты қаржы шығындалып келген болатын. Ғаламтордан ондай есепсіз миллиондарды көптеп кездестіресіз. Бір қызығы, ит атуға әр облыс өзінше қаржы қарастырып отырған. Былтыр, яғни 2022 жылы Ақтөбе облысы иесіз иттердің көзін жоюға 41 млн теңге жұмсапты. 2021 жылы 1 млрд теңге, 2019 жылы 54 млн теңге кеткен. Мұның бәрі ит атуды шектейтін заң талабы күшіне енгенге дейінгі миллиондар. Зооқорғаушы Сергей Снегирёвтің айтуынша, әкімдер ит атуды көлеңкелі бизнеске айналдырып алған көрінеді. Көлеңкелі бизнес болмаса, Ақтөбе әкімдігі итатқыштарға бөлетін ақшаны мың құбылтпас еді ғой. Біз бір ғана облыстың ит атуға шығындаған ақшасын келтіріп отырмыз. Басқа аймақтар да кем емес. Осының өзінен сіз бен біздің ай сайын салыққа төлеп отырған қаржымыздың бір бөлігі қайда, қандай мақсатқа жұмсалып отырғанын түсіне беріңіз. Иттің жемі, дүние-ай!

Былтыр көктемде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Оны экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған болатын. Бұл заң бойынша бұдан былай бұралқы иттерді бей-берекет ата алмайсыз. Атсаңыз, басыңыз бәлеге қалады. Ал Аралбайұлы ату керек дейді, жануарларға жанашыр қоғам өкілдері ит атуды жабайылық дейді.

Бір қызығы, ит атуды заңмен шектеудің дұрыс еместігін ит пен мысыққа үйір табиғат жанашырлары әртүрлі дәлел-дәйектермен қорғап әлек. Мұнысы әкімдік өкілдеріне де қатты ұнайтын сияқты. Ит пен мысыққа болса да, құйылып жатқан ақшаны кім жек көрсін?

Иесіз ит пен мысықты атуға болмайды, онда асырау керек деген сөз. Әңгіме басында айтқанымыздай, ай сайын бала күтімінен көп қаржы жұмсап итті бағу, қарау, екпесін салу, алдымен табиғат жанашырларына керек шаруа. Одан кейін ит-мысықты көлеңкелі бизнеске айналдырып алған әкімқараларға қосымша табыс, бұл.

Биыл Шымкент әкімдігі иттерді кастрациялауға 140 миллион теңге бөліп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Піштіруден бөлек, иесіз мақұлықты күтіп-баптау үшін бюджеттен тағы 120 миллион теңге қарастырған. Оның қаншасына қай мал дәрігері ит пішіп, кімнің ит бағып жүргенін кім қарап отыр дейсің?!

Үкімет басшысы иттерге қатысты заң жобасын іске асыру үшін 2022 жылға 1 485,6 млн теңге қарастырылғанын айтқан. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады депсіз. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация, басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр» дейді. Демек заңға қол қойылғанымен, оның орындалуында кемшілік көп деген сөз.

Қазақстанда кемшіліксіз орындалатын, мүлтіксіз атқарылатын заң аз. Ит атуды шектеу туралы заң қабылданғанымен, бұралқы иттердің мәселесі әлі шешілген жоқ. Екі күннің бірінде ауыл-аймақтарда ит қапқан баланың зары, ит талаған тұрғындардың жанайқайы естіліп жатады. Ит қорыған қоғамда адамды қорғау неге қиын? Ит бағу бала күтімінен де маңызды мәселеге айналғаны қалай?

Тегтер: