Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Иттер талап тастаған 10 жасар Максимнің отбасы баспаналы болды

Ит
Фото: zhasalash.kz

Төрт бөлмелі үй Asarume қайырымдылық қорының оқырмандарының қаражатына алынған.

Ойда-жоқта баспаналы болған Екатерина Бурмистрова көзіне жас алып, көмек берген көпшілікке алғысайтты. Отбасы 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келген екен. Үлкен ұлының мүгедектігі бар. Әйел өзі жұмыс істемейді, кішкентай баламен үйде отырады.

Максим
Фото: видеодан скриншот

Бұған дейін Алматы облысында 10 жасар баланы иттер талап, сан еті мен құлағын жұлып алған еді. Баланы көшеде өтіп бара жатқан такси жүргізушісі құтқарып қалған.

Бұл мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырды. Дегенмен Алматы облыстық полиция департаменті бұл мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.

Журналист Серік Әбікенұлының жазуына қарағанда, 30 маусым күні Жалпақсай ауылында 10 жасар Максим есімді баланы үш қабаған ит талаған. Оқиға футбол алаңында болған. Баланың анасы Екатерина Бормистрова ұлының ауласынан шығып, достарымен бірге ойнауға кеткенін айтады. Алайда алаңға жақын орналасқан иттер питомнигінен Питбуль мен Ротвейлер тұқымды иттер қашып шығып, балаларға шабуылдаған.

Иттерден қашып үлгермеген Максим ауыр жарақат алған. Құлағы жұлынған, беті мен қолы шайналған. Аяғының бұлшық еттері жұлынып кеткен. Бала дереу ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін төрт сағаттық күрделі ота жасаған. Қазіргі жағдайы ауыр, оған бірнеше оталар мен ұзақ мерзімді оңалту қажет болады.

Иттердің шабуылына куә болған Серікбек есімді ауыл тұрғыны қалтасындағы шаппасымен екі итті өлтіріп, баланы аман алып қалған. Максимді құтқарып қалған такси жүргізушісі Серікбек Алдабергенұлы сол күні жұмыстан қайтып келе жатқанын айтты. Ол иттер талаған баланы көрген сәтін былайша сипаттайды:

«Жолда келе жатқанда балалар айқайлап жүгіріп шықты. Біреуі: “Аға, ана жерде баланы ит талап жатыр, көмектесіңізші!” – деді. Машинада кішкентай жиналмалы пышағым бар еді, соны алып жүгірдім. Барсам, екі ит баланы талап жатыр. Бала қанға боялған, құлағын жұлып алыпты. Бала “дядя, выручи” деп жылап жатты. Бір питбуль төменгі жақты тістеп, жұлмалап жатыр екен. Соған бірінші пышақ салып, әрең тоқтаттым. Екінші ит баланы сүйреп, ары-бері қозғап жатты. Баланы босатпай қойды. Амал жоқ, баладан секіріп өттім де, екінші итті де пышақтап өлтірдім», - дейді ол.

Ол шын мәнінде батырлық танытқан. Алайда осы әрекеттен кейін иттердің иесі, аты-жөні аталмаған азамат, «менің итімді өлтірді» деп Серікбектен құн талап етіп отырғаны туралы да хабар тараған. Бұл қоғамның наразылығын тудырды.

Облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беріп, «балаға шабуыл жасаған иттерді өлтіріп, оны құтқарған адамға» қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданбағанын нақтылады.

Тегтер: