Ізбасар

Ұлын балабақшаға жетелей жөнелген Жібек «Мама, мен саған білдеңе айтайын ба?» – деген бала сұраққа басында мән бермегенімен, екі-үш мәрте қайталай бергесін көңіл аударғандай болды.
— Мама, мен саған білдеңе айтайын ба? – дей салып, кішкентай ғана алақанымен аузын баса қойған Аңсарының қылығы еріксіз еліткен.
— Ал, иә, айта ғой...
— Айтсам, сен зылайсың ғой, білақ...
Ұлы тағы да кіп-кішкентай алақанымен аузын басқандай болды.
— Аңсарик, не айтып келесің? Неге жылайды екенмін, мен, а?
— Зыламайсың ба?
— Неге жылаймын, жыламаймын!..
— Сын зыламайсың ғой?..
Жібек бала қылығына күлкісі келгенмен, көңіліне еш секем алмаған.
— Папам мен Сапағат тәтем екеуі...
Біраз уақыттай үнсіз қалған Аңсары үлкен адамдай ойлы көздерінің үстімен анасына қиғаштай қарап:
— Күнде таңелтең сен зұмысқа кеткенде құсақтасып, бүлкеніп алады да… – деп, сөзін сабақтай алмай күмілжіді.
— Не?! Не дейсің?!
Жібек дір ете түсті. Мұндай сұмдықты ұлының аузынан естимін деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Сенер-сенбесін білмей дал болсын. Бірақ жыламады. «Мүмкін емес» деп қояды. «Мүмкін емес! Жезде мен балдыздың ойыны ма?.. Бала бірдеңені қате түсінген болар?» Көкейіне «Тағы не істеді?» деген сұрақ көлденең тұра қалса да, тықақтай беруге баласынан ыңғайсызданған қалпы сұрлана күлімсіреп:
— Көрдің ғой, жылаған жоқпын, – деді даусының дірілін жасыра.
Қанша сыр бермеймін десе де, анасының қатты қапаланғанын түрінен-ақ анық байқаған Аңсарын бақшасына қалдырып, күндегі әдетімен жұмысына жүгіре жөнелгелі тұрды да, жаңағы ұлының «Шапағат тәтем екеуі...» дегені шапалақпен тартып жібергендей есін дереу жинатып, енді үйіне жеткенше асықсын. «Мүмкін емес, мүмкін емесін» іштей күбірлесе де, «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, көңіліне күдік ұялатқан кейбір мезеттерді көз алдына елестетіп те көрген.
Ай жарымдай бұрын ғана ауылдағы мектебін алтын медальға тәмамдаған кіші сіңлісі Шапағатты оқуға түсіремін деп, жездесі Болат өзі барып алып келген-ді. Содан бері жалғыз бөлмелі жатақханада бірге тұрып жатса да, араларынан соншалықты бір жақындықты, тіпті жезде мен балдыз болып орынсыз ойнағандарының өзін аңғармапты. Рас, соңғы кездері жұмысына асықпауды әдетке айналдырған Болат кештетіп қайтатынды да шығарған. Сіңлісінің барлық емтихан-сынақтарында, құжат өткізгенде де бұл бір бас ауыртпапты. Барлық уақытта қасында жездесі жүрді.
Айтпақшы, Шапағат екеуі кеше де шаршап-шалдығып кештеу келіп еді-ау?.. Мұны неге ойламаған?
Қойшы, құрысын!
Мал құлағы саңырау!
Туған сіңлісі мен күйеуі, мүмкін емес!
Шапағат әлі бала емес пе?!
Өз ойымен іштей арпалысқан күйі бөлмесінің есігін сүзе тоқтаған.
Енді бір сәт еңсесін түзеп, ентігін де баспастан тоқпақтай жөнелуге көтере берген қолын дереу кері тартып ала қойды да, құлағын тосып, есікке етпеттей жабыса қалсын. Жиілей түскен жүрек соғысы да жөнді ештеңе естіртер емес. Дүк-дүк, дүк-дүк! және оның жүрісін жеделдеткенінен ғана емесін де ұқты...
Не істеп тұрғанын енді байқағандай өз қылығынан ұяла сөмкесінен кілтін шығарып, мейлінше сықырлатпай аша сала жалма-жан ішке өткен.
— ?!
Аңсары алдамапты...
Өз көзіне өзі сене алар емес!..
Сасып қалған сіңлісі ақ жаймамен бетін бүркемелеймін дегенде, айрандай төгілген абыройларға қарап тұруға Жібектің ары шыдамады. Бірақ дауыс көтеріп, шу да шығарған жоқ. Тіпті қыстығып жылай да алар емес. Күні кеше ғана жанындай жақсы көретін екі адамына деген көңілі көз жасымен бірге шемен боп қалған ба?..
Аласұрған көңілін немен алдандырарын білмеген ол қуықтай ғана асүйде дамылсыз дызақтай бере, терезе алдында жатқан күйеуінің темекісінің бірін дереу тұтатып, көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізіп еді, қақалып-жөтелгенде әлгі түтін көзінен шыққандай болған. Осы екі аралықта шалбарланып үлгерген күйеуі жүгіріп келіп су әпермекке тырысып еді, қолын қағып жіберген бұл:
— Дереу, қазір, көздеріңді құртыңдар! – деген.
Әжетхананы ішінен жауып алған Шапағат «кешірші, кешіршілей» жыламсырап, бірдеңелерді шатып-бұтуда… Жібек болса мұның бірде-бірін естімеді. Естігісі де келмеген. Енді бір сәт тесікке кептелердей болып қатар жылыстай берген екеудің артынан жиіркене қараған Жібек есік сырт етіп жабылған сәтте ғана ағыл-тегіл көз жасына ерік берді.
Жан – түсініксіз нәрсе. Қайда орналасқанын ешкім білмейді, бірақ қалай ауыратынын бәрі біледі демекші, дәл қай жері екенін білмесе де, тап осы сәтте жанының ауырғанын анық сезінген ол тоңазытқышта тұрған арақты алып, қалай ішіп жібергенін де байқамай қалған. Тек ішіне тыз етіп шоқ түскендей болған сәтте жиіркене тыжырынғаны болмаса, ашырқанбады да.
Әншейінде күйеуіне: «Қит етсе болды, бөтелкеден басу іздейсің. Әлсізсің!» – деп ренжи кететіні есіне түсіп, алдындағы арақты ары ысырып тастаған.
Терезе алдындағы темекінің тағы бірін тұтатып, ащы түтінді ішіне сора алмаса да, құшырлана иіскелеп, өзін әжуалағандай жаңағы ысырып тастаған бөтелкеден тағы бір кесесін сылқ еткізді. Содан соң ғана буын-буыны босап балбырай түскендей. Бірақ, енді басылар ма екен деген үміті ақталмады. Керісінше, өршіп бара жатқандай. Көңілінің көк еті де сөгіліп кеткендей кеуде тұсы үздіксіз сыздайды. Енді не істемек? Елге не бетін айтады?! Әке-шешеге ше?..
Ойдан жүйрік не бар десеңші мына жалғанда… Керек, керек емесі бар – сан түрлі ой санасын сарсытып...
Әншейін күнде бұлардың махаббатын майпаздап мақтай жөнелетін жалған достардың табасынан қорынды. Алыстағы жаудың дүбірінен емес, сол иттіктерін ертең-ақ жасайтын қасындағы доссымақтардың күбірінен қорқа жылады. Өткен жолы бір садақада: «Жесір қалған жалғыз сен емес, талай қатын байсыз қалып жатыр, сен бақытты жесірсің», – деген ағайына аңтарыла қарағаны да есінде. Сол сәт сорақылау естілген жұбатудың жөнін бұл енді ұққандай.
Иә, жесірі бар, үш-төрт баласымен де тастап кетіп жатқандар қаншама, әр-беріден соң, күйеулерінен өздері безінгендер ше? Оны да түсінуге болады екен ғой. Құдай-ау, бұл қайтпек?!
Елге енді қай бетімен қарамақ? «Жесір қалсам да, тастап кетсең де, тап бұлай қорланбас едім ғой» деп еңірей жылады. Қорлана жылаған.
— Есіңде болсын, еркек «өзіңсіз өмір сүре алмаймын» деген әйелдерді емес, онсыз өзі өмір сүре алмайтын әйелді таңдайды, – деген тәтті сөздерді тамылжытып жатқан Болаттың бірде:
— Мені өзге бір әйелмен ұстап алсаң кешіре алар ма едің? – дегеніне:
— Сол бойда өз-өзімді өлтіре салар едім, – деп жауап бергенін есіне алды.
Тап қазір ол ойынан тартына қоймас еді, тек ұлы ше? Көзін жәудіретіп кімге тастамақ?! Осы кезде барып Аңсарын бақшадан алу керектігі есіне түсіп, орнынан жедел көтерілген бойы үйін жинауға кірісті. Әлгі екеуінің астарына төсеген ақ жаймаларды қоқыс жәшікке тастай салмақ ниетте көрпе-көпшігімен қоса, шиыршықтаған күйі босағаға қарай жиіркене ысырған.
Үйін жиыстырып болып, өзін қалай сипаласа да, күнұзаққа жылаудан ісініп кеткен көздерін қайтіп жасырарын білмей дал. «Аузымнан арақ, темекінің иісі шығып тұрған жоқ па?» деп тісін тазалап, басын жуып әлек.
Сыртқа шыққанда қара көзілдірік кие салар-ау, ал Аңсарын қалай алдамақ?
Бес жасар бала деп айта алмайсың. Алғыр, әрі өте сезімтал. Тіпті осы оқиғаның өзін баласы айтпағанда, қанша уақытқа дейін созыларын кім білген? Мүмкін, білмей де қалар ма еді?..
Күні кеше өзі ұясын бұзып, Болатты ертіп кеткенде бұрынғы жарының қандай күйде қалғанын енді ғана жән-тәнімен сезінгендей.
Кімді кінәласын?!
* * *
Күн демалыс. Бұл болса бозала таңнан оянып алған. Түнімен түртпектеген түмен ой жанын жегідей жеген түсімен ұштасып, бір тыйылмай қойған көз жасынан шылқыған жастығын аударды. Оны тіпті ұйықтап жатып та сағынатындай… Жүрегінің орнына бір сыздауық пайда болған ба?
Арада аз уақыт өтпесе де, әлі күнге сыздауын бір қояр емес. Уақыт – емші дейміз-ау, тек сол уақыт емшіңнің емдеуі үшін де уақыт керегін ұмытамыз, ә?!» деген жаңылтпаштай ойымен орнынан тұрып кетуге оқталған күйі «сонша асығып қайда барамын?» деп, баласы жаққа бір қарап қойып еріне керілді.
Сон-оу бір бақытты күндерінде ертеңгісін осылай еркелей керілсе Болат: «Келіншектің керілгені – кел дегені», – деп шешіне сап, құшағына құлай кететін кездерін есіне алып, дыбысын шығармастан көрпесін тістелеп еңіресін.
Қауғасы жоқ құдықтай сарқылмаған өз суын өзі тата алмай шөліркеген шыңыраудың әдірәм қалған жиегіндей көңілді де құм баса бастапты. Еркек атаулыдан елжірей қарайтыны – осы Аңсары ғана. Ол болса қазір оңайлықпен ояна қоймайды. Жалғыз өзі шоқиып отырып ас ішіп те жарытпас. Одан да жата тұрғаны дұрыс. Не істесе де, осы бір ауыр ойдың азабынан құтыла алмасына көндіккен де сыңайлы.
«Ораза, намаз – тоқтықта» демекші, мұндай күндері әншейінде тоғызға дейін тырп етпей ұйықтайтын Жібектен ұйқы қашқалы қай заман. Кеш жатады, ерте тұрады. Жылап жатып, жылап оянады. Адам ақылының кез келген нәрсеге тез бейімделгенімен, сағынышқа төзгісіз екенін де іштей мойындап қойған. Болатпен енді ешқашан бірге бола алмайтыны есіне түскен сайын, күн санап артып келе жатқан сағынышы жанын піспеген сыздауықша дызылдатады. Бұндайда бар алданышы баласы ғана. Аңсары болмағанда не істер еді, қазір? Ендігі өмірін тек соған арнаймын деп, өзін бекемдей түскендей.
Айтпақшы, осы Аңсардың атын да ешкіммен ақылдаспай, Болат екеуі қоя салған. Әкесі сыр бермегенімен, анасы: «Жап-жас болып, бір зарығып бала күткендей, Аңсар деп ат қойғаны несі екен-ді» естіртіп екі-үш рет айтқанымен қоймай: «Аңсар, Арман, Сағыныш секілді есімдерді немересін көруді асыққан үлкендер қойса да онша оғаш көрінбес еді», – дегені енді есіне түскендей, «шынымен менің аңсағаным осы болғаны ма» деп аһ ұратын.
* * *
Жібек соңғы кездері өзінің ішімдікке тым әуестеніп бара жатқанын байқап, «болды, жетер, тоқтату керек» деп шешкенімен, темекіні енді қоя алмайтын сияқты. Жаны ауырып, іші күйіп бара жатқан соң, асүйде көк түтінге көміліп біраз отырды да, соңғы кездері сырласына айналған үстіңгі қабатта тұратын Айманға беттеді. «Айлас қатын – мұңдас» дегендей, қазіргі мұның жайын түсініп, басу айта білетін – осы Айман ғана.
Шерлi жандардың тағдырласымен табысуының өзі жарты бақыттай көрінетіні де содан болар?.. «Тық деген тауыққа тиеді» демекші, басқалардың бәрі мұны өсектеп отырғандай, өзге ортада отырудан безінгелі қашан. Осыдан біраз бұрын екі баласымен бірге күйеуі тастап кеткен келіншек өзінен көп үлкен бола қоймаса да, ақыл айтып, алдаусырата біледі. Айманмен азғантай уақыт сырласып қайтса біраз азабы жеңілдегендей болып қалатыны да сондықтан.
Ол да жазғы демалыста балаларын ауылға жіберіп, жалғыз өзі жабырқаңқырап жүрген. Мұның келгеніне ол, әрине, қуанып қалды.
— Таңғы асқа тәбетім тартпаса да, Тәңірдің несібесін тәрк еткендей болмайын деп, шәйімді енді демдеп жатыр едім. Қош келдің! Отыра қал.
Екеуі әр нәрсенің басын бір шалып отырған соң, Айман енді басталған шишаны тоңазытқыштан ала бергенде болмашы қарсылық көрсеткендей болған Жібек алғашқы рөмкіден кейін-ақ жібектей тарқатылып жүре берген. Екеуі бір жылап, бір күліп отырып екінші шишаның да тығыны ашылды. Біраз уақыттан бері Айманның артынан қалмай жүрген жігітті байқап жүретін Жібек:
— Жаман жігіт емес сияқты ғой, кіргізіп алмайсың ба? – деп әңгімесін бастағанда-ақ кім туралы екенін түсінген Айман төсегінің бас жағында тұрған «Ғасырдан да ұзақ күн» атты кітапты мұның қолына әкеліп ұстатқан. «Мен мұны қайтемін?» деген сұраулы жүзбен таңырқай қараған бұған «ішін ашсаңшы» дегенді ыммен түсіндірген Айман алысқа үрлемеген темекісінің түтініне жасырынғандай бұрқ-бұрқ еткізді.
Кітап ашылғанда арасынан сырғып түскен бүктеулі қос парақты жерден алып, «оқы» дегенді де қою түтін артынан ишарамен танытқан. Хат Айманның бұрынғы күйеуіне арнап жазылған екен. «Серік!» деп басталған хатты көзі бұлдырап отырып оқи бастағанымен, аяғына жетпей өкіріп қоя берген Жібек Айманды құшақтап, қос мұңлық қосыла жылап, азан-қазан болды.
(Жалғасы бар)...