Израиль 2 мың палестиналық тұтқынды босатты

АҚШ делдалдығымен жасалған бітім аясында шамамен 1 968 палестиналық тұтқын босатылды. Оларды Батыс жағалау мен Газа секторында отбасылары қуанышпен қарсы алды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, келісім бойынша Израиль:
-
«Ауыр қылмыс жасаған» делінген 250 палестиналықты босатты;
-
соғыс басталғаннан бері Газада қамауда отырған шамамен 1 700 адамды босатты;
-
сондай-ақ 22 кәмелетке толмаған бала босатылған;
-
әрі ХАМАС жауынгерлерінің 360 сүйегі қайтарылды.
Израиль түрмелер қызметінің ресми хабарламасына сай, жалпы 1 968 тұтқынның босату процесі толық аяқталған; босатылғандар Батыс жағалау, Шығыс Иерусалим және Газа секторы бағыттарына жіберілген.
Хан-Юнис сияқты Ғазаның оңтүстік қалаларында мыңдаған адамдар жиналып, Палестина туын желбіретіп тұрған. Алайда босатылғандар арасында ХАМАС-тың ірі командирлері немесе басқа фракциялардың әйгілі жетекшілері кездеспеген — бұл кейбір отбасылар арасында «келісім жеткілікті ауқымды емес» деген наразылық туғызды.
Депортация мәселесі — 154 адам Мысырға жіберілді
Al-Jazeera мен палестиналық тұтқындар бойынша медиа органдардың хабарламасына сүйенсек, босатылғандар арасында кем дегенде 154 адам Израиль тарапынан Мысырға депортацияланған. ХАМАС бұл деректі растады.
Бұл мәжбүрлі жер аударылу көптеген бақылаушылардың және құқық қорғаушылардың наразылығын тудырды. Доха жоғары зерттеу институтының қоғамдық саясат бойынша доценті Тамер Қармут Al-Jazeera-ға берген сұхбатында мұндай депортацияны заңсыз деп атады.
Айта кетейік, 13 қазан күні Газа секторындағы қақтығыс аяқталды. Газа секторында ХАМАС тұтқында ұстаған соңғы 13 израильдік азаматты босатты. Олар Қызыл Крест өкілдеріне тапсырылды. Бұған дейін 7 адамнан тұратын алғашқы топ та босатылған болатын.
Тұтқындарды босату АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі ретінде жүзеге асты.
Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі 10 қазан күні түсте күшіне енген. Келісімнің негізгі тармақтары мыналар:
-
Израиль барлық тұтқындарды босатуға айырбас ретінде шамамен 250 өмір бойына сотталған палестиналықты және 1700 тұтқынды босатады;
-
ХАМАС өз әскерін толық қарусыздандырады;
-
ЦАХАЛ (Израиль армиясы) Газа секторынан келісілген шепке шегінеді;
-
Гуманитарлық көмек Газаға еркін жеткізіледі.
Бейбіт жоспардың екінші кезеңінде халықаралық қауымдастық Газа секторын қалпына келтіру және басқару реформасын жүргізуге қатыспақ.
Екі жылдық соғыстың салдары
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге күтпеген шабуыл жасап, 1200 адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған болатын. Сол күннен бастап Израиль ХАМАС-пен соғыс жариялады.
Қақтығыс кезінде Газа секторында 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланды, деп хабарлады ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі.