Израиль армиясы ХАМАС-тың алты қолбасшысын жойғанын хабарлады

Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) ХАМАС-тың әскери-теңіз күштеріне қарсы арнайы операция жүргізу барысында ұйымның алты жетекшісі жойылғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Израиль армиясының ресми хабарламасына сілтеме жасалған.
Аталған операция Израиль Қорғаныс армиясы, Разведка басқармасы, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі және Оңтүстік қолбасшылық бірлесе отырып жүргізген әскери қимылдардың нәтижесінде жүзеге асқан.
«Жойылған лаңкестер “Темір қылыштар” соғысы кезінде Израиль азаматтары мен қауіпсіздік күштеріне қарсы теңіз арқылы шабуыл ұйымдастыруды жоспарлаған. Олардың кейбірі 7 қазан күнгі қырғынды жоспарлауға қатысқан», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта Израиль армиясы ХАМАС-тың әскери-теңіз инфрақұрылымына қарсы ауқымды операция жүргізіп жатыр. Әскерилер әскери кемелерді, қару-жарақ қоймаларын және ХАМАС-қа тиесілі өзге де нысандарды жоюда.
Бұған дейін, 1 шілдеде, Израиль Қорғаныс армиясы Газа секторындағы әскери операцияны кеңейткені және ондаған «лаңкестің» көзі жойылғанын хабарлаған. Бір тәуліктің ішінде Әскери-әуе күштері анклав аумағындағы 140-қа жуық нысанаға әуе шабуылдарын жасаған.
Израиль билігі бұл әрекеттерді ХАМАС тарапынан төнетін қауіпке жауап ретінде көрсетіп отыр. Ал халықаралық қауымдастық жағдайдың ушыққанына алаңдаушылық білдіруде.