Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 05 Қыркүйек 2025

Израиль әскері Газаның 40% аумағын бақылауға алғанын мәлімдеді

Газа
Фото: ашық дереккөз

Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Газа қаласының шамамен 40 пайызын бақылауына алғанын хабарлады.

Бұл туралы 4 қыркүйекте бригадир генерал Эфи Дефрин мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.
«Операция кеңейіп, күшейе түседі. Біз ХАМАС-ты барлық жерде қуғындауды жалғастырамыз», – деді ол.

Генералдың айтуынша, израильдік бөлімшелер қазір Зейтун және Шейх Радван аудандарында әрекет етуде. Сондай-ақ Дефрин әскери операция тек барлық тұтқындар босатылғаннан кейін және ХАМАС билігі жойылған соң ғана аяқталатынын атап өтті, деп жазады DW.

Бұған дейін Израиль билігі Газа тұрғындарын қауіпсіздік мақсатында эвакуациялауға шақырған еді. Израиль тарапының дерегінше, қаланы шамамен 70 мың бейбіт тұрғын тастап шыққан.

Айта кетейік, Израильдің Газа секторындағы әскери операциясы 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС ұйымдастырған шабуылға жауап ретінде басталған. Ол шабуылда шамамен 1200 адам қаза тапқан, 251 адам тұтқынға алынған.

Сол уақыттан бері Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 63 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Қазір Газа қаласындағы үйлердің 90%-дан астамы қираған немесе бүлінген, денсаулық сақтау, су және санитарлық жүйелер істен шыққан. Өткен аптада аймақта ашаршылық ресми түрде тіркелді.

Израиль билігі Газа қаласына құрлық әскерін кіргізер алдында тұрғындарды түгелдей эвакуациялау жоспарын қарастырып жатыр.

 

Тегтер: