Израиль әуе шабуылы кезінде Йемендегі хуситтер үкіметінің басшысы қаза тапты

Йемен астанасы Сананың Хадда ауданында Израиль әскери ұшақтарының әуе соққысы салдарынан «Ансар Алла» қозғалысы құрған үкіметтің премьер-министрі Ахмед Галеб ар-Рахави қаза тапты.
Бұл туралы 29 тамызда халықаралық агенттіктер оның отбасына жақын дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Әуе соққысы ар-Рахавидің үйіне жасалған. Нәтижесінде премьер-министрдің өзі және оның бірнеше серіктесі қаза болды. Жалпы төрт адамның өмірі қиылды.
«Ансар Алла» қозғалысы жақын арада оның қазасы туралы ресми мәлімдеме жасауы керек. Ар-Рахави бұл лауазымға 2024 жылғы 10 тамызда тағайындалған болатын.
Израиль–Хусит қақтығысының жаңа кезеңі
Ар-Рахави Израильдің әуе соққысынан бір күн бұрын хуситтердің Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына «Палестина-2» деп аталатын гипердыбыстық зымыранмен шабуыл жасағанын хабарлаған еді.
Осы оқиғадан кейін Израиль Сана қаласындағы «Ансар Алла» қозғалысының нысандарына 12 әуе соққысын жасады.
Йеменде көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыста хуситтер ел астанасын және елдің солтүстік-батыс бөлігін бақылап отыр.