Израиль БАӘ мен Катардың Иранға соққы жасағанын хабарлады
3 наурыз күні Израильдің «12-арнасы» Катар Иранға шабуыл жасады деп хабарлаған болатын. Алайда Доха бұл ақпаратты жоққа шығарып, елдің Сыртқы істер министрлігі Катар Иранға қарсы әскери кампанияға қатыспайтынын мәлімдеген еді.
Біріккен Араб Әмірліктері Иранға соққы жасады деген ақпаратты Израильдің Ynet басылымы мен Kan 11 телеарнасының журналисі Итай Блюменталь таратты.
«Соғыс басталғалы бері алғаш рет БАӘ Ирандағы теңіз суын тұщыландыратын нысанға соққы жасады», – деп жазды журналист X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде дереккөздеріне сілтеме жасап.
Ynet басылымының жазуынша, Израиль бұл соққыны Иранға жасалған символикалық ескерту ретінде бағалап отыр. Басылымның мәліметінше, егер Иран БАӘ-ге қарсы шабуылдарын жалғастырса, Әмірліктер шектеулі түрде болса да Иранға қарсы әскери кампанияға қосылуы мүмкін.
Алайда БАӘ Қорғаныс министрлігі Иранға соққы жасалғаны туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Кейінірек Әмірліктердің жоғары лауазымды өкілдерінің бірі The Jerusalem Post басылымына берген сұхбатында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Сондай-ақ БАӘ Федералдық ұлттық кеңесі жанындағы қорғаныс комитетінің төрағасы Али Рашид әл-Нуайми де Иранға соққы жасалғаны туралы хабарды терістеді.
3 наурыз күні Израильдің «12-арнасы» Катар Иранға шабуыл жасады деп хабарлаған еді. Бірақ Доха бұл ақпаратты жоққа шығарып, елдің Сыртқы істер министрлігі Катар Иранға қарсы әскери кампанияның қатысушысы емес екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Израильдік БАҚ Ирактағы күрд күштері Иранға қарсы шабуыл бастағаны туралы да хабар таратты. Бірақ бұл ақпарат та жоққа шығарылды.