Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:50

Израиль Бейрут маңына әуе шабуылын жасады

Бейрут
Фото: Hussein Malla/AP Photo/picture alliance

1 сәуір күні Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливан астанасы Бейрут маңындағы Дахие ауданына әуе соққысын жасағанын хабарлады. Бұл аудан – шииттік радикалды "Хезболла" қозғалысының тірегі саналады.

Израиль әскери басшылығының мәлімдеуінше, әуе шабуылының басты нысанасы "Хезболланың" жоғары лауазымды мүшесі болған. Оның палестиналық ХАМАС қозғалысымен байланысы бар екені, сондай-ақ, Израильге қарсы ірі теракт ұйымдастыруға қатысқаны айтылды. Осыған байланысты Израиль армиясы бұл қауіптің алдын алу үшін аталған тұлғаны жоюға шешім қабылдаған.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, әуе соққысы салдарынан кем дегенде үш адам қаза тапқан, тағы жеті адам жарақат алған. AFP агенттігінің дерегінше, шабуыл нәтижесінде көпқабатты ғимараттың екі жоғарғы қабаты қираған.

Бұл – соңғы күндері Израильдің Бейрутқа жасаған екінші әуе соққысы. Бұған дейін, 28 наурыз күні, Израиль әскерилері Ливаннан Израильге бағытталған зымыран шабуылдарына жауап ретінде "Хезболла" нысандарына соққы берген болатын.

Аталған әскери әрекеттер қараша айында енгізілген атысты тоқтату келісімінің бұзылуына әкеліп соқты. Израиль мен ХАМАС арасындағы уақытша бітім екі айға созылғанымен, тараптар оның мерзімін ұзарту туралы ортақ шешімге келе алмады.

Аймақтағы әскери қақтығыс 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС тобының Израильге жасаған жаппай шабуылынан кейін басталды. Радикалды топ Израильге зымыран соққысын жасап, елдің оңтүстігіне қарулы басып кіру арқылы 1200-ден астам адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алды.

Осы оқиғадан кейін Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялап, Газа секторында ауқымды әскери операция жүргізді. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әскери іс-қимылдар салдарынан 49 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 111 мыңнан астамы жарақат алған.

Израильге қарсы "Хезболла" қозғалысы да Ливан аумағынан шабуыл жасай бастады. Осыған жауап ретінде Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде арнайы операция жүргізді, алайда кейінірек әскерін бұл аумақтан шығарды.

Тегтер: