Израиль Дохада ХАМАС басшыларынан кімдердің көзін жоймақшы болды?

Израиль Катар астанасы Дохадағы ХАМАС-тың штаб-пәтеріне бірнеше мәрте әуе соққысын жасады. Бұл операцияның басты нысанасы – қозғалыстың жоғарғы басшылығы еді. ХАМАС өкілдерінің айтуынша, олар сол сәтте АҚШ ұсынған Газа соғысын тоқтату жоспарын талқылау үшін жиналған болатын.
ВВС-дің жазуынша, ХАМАС өкілдері шабуыл кезінде ұйымның бүкіл басшылығы жиналыста болғанын растаған. Дегенмен олар жетекшілердің аман қалғанын мәлімдеді. Израиль басылымдарына сәйкес, соққы салдарынан алты адам қаза тапқан, оның ішінде ХАМАС-тың қудалаудағы Газа жетекшісі Халил әл-Хайяның ұлы Хумам әл-Хайя бар.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац таяуда жасаған мәлімдемесінде: егер тұтқындар босатылмаса және ХАМАС қаруларын тастамаса, шетелдегі ұйым жетекшілері «жойылады», ал Газа толық қирайды деп ескерткен.

Шабуылдағы негізгі нысаналар
Израильлік ресми дереккөздердің айтуынша, соққының басты нысанасы – ұйымның бас келіссөз жүргізушісі және саяси бюро жетекшісінің орынбасары Халил әл-Хайя болған.
ХАМАС-тың бес адамнан тұратын жоғары кеңесіне мыналар кіреді:
-
Халил әл-Хайя – саяси бюро жетекшісінің орынбасары;
-
Халед Машаль – қозғалыс басшысы міндетін атқарушы;
-
Захер Жабарин – қаржылық бюро жетекшісі;
-
Мұхаммед Исмаил Дарвиш – ХАМАС Шура кеңесінің төрағасы;
-
Бесінші мүшенің есімі әзірге жарияланбады.

Алдын ала дерек бойынша, олардың барлығы соққыдан аман қалған.
Халил әл-Хайя
1960 жылы Газада туған әл-Хайя 1980-жылдары «Мұсылман бауырлар» қозғалысына қосылып, 1987 жылы ХАМАС құрылған сәттен бастап ұйыммен бірге болды. Ол Исмаил Хания және Яхия Синвармен қатар алғашқы буын көшбасшылары саналады.
Кейінгі жылдары ХАМАС-тың шетелдегі басты өкілдерінің біріне айналды. Соңғы уақытта Қатарда тұрып, ұйымның келіссөздеріндегі бас тұлға болды. Израиль оны қару-жарақ жеткізу мен Ираннан қаржыландыру тетіктерін ұйымдастыруда негізгі тұлға деп санайды.
Халед Машаль
1956 жылы Батыс жағалауда дүниеге келген Машал өмірінің көп бөлігін елден тыс өткізді. 1987 жылы ХАМАС құрылғаннан бастап саяси бюроға кіріп, кейін ұйым жетекшісі болды. 2024 жылы Яхия Синвардың өлімінен кейін қозғалыс басшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Машал ХАМАС-тың ең ықпалды әрі халықаралық деңгейде танымал лидерлерінің бірі саналады.
Захер Жабарин
ХАМАС-тың қаржылық құрылымын ұзақ жылдар басқарған. Ол ұйымның халықаралық инвестициялары мен күрделі қаржы желілерін реттеп отырды. Бұрынғы мәліметтерге сәйкес, Жабариннің кезінде ХАМАС бюджеті жүздеген миллион долларға жеткен. Ол сондай-ақ Шахидтер мен тұтқындар ісін қадағалап, кепілге алынғандарды босату жөніндегі келіссөздерде де белсенді рөл атқарды.
Мұхаммед Исмаил Дарвиш
ХАМАС-тың жоғары кеңесі – Шура кеңесінің төрағасы. Араб баспасөзі оның Ливан тумасы екенін жазады. Ұйымның қаржылық байланыстарын басқарған, әсіресе Ираннан қаржы алуда және халықаралық келіссөздерде негізгі тұлға болған. Соңғы айларда ол Түркия басшылығымен де бірнеше мәрте кездескен.
Дохадағы соққы ХАМАС-тың жоғарғы басшылығын көздегенімен, ұйым жетекшілерінің аман қалғаны хабарланды. Дегенмен әл-Хайяның ұлы мен қауіпсіздік құрылымдарының кейбір өкілдері қаза тапты. Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға ХАМАС пен Израиль арасындағы келіссөздерге және Катардың делдалдық рөліне үлкен соққы болды.