Израиль Газа қаласын толық бақылауға алуды жоспарлап отыр: кім мақұлдады?

Нетаньяху сынға қарамастан, бүкіл Газа секторын бақылауға алғысы келеді.
Израиль үкіметі елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуның Газа анклавындағы аттас қаланы басып алу туралы шешімін мақұлдады. Бұл туралы Axios порталының журналисі Барак Равид хабарлады.
“Израильдің қауіпсіздік кабинеті премьер-министр Нетаньяхуның Газа қаласын басып алу жөніндегі ұсынысын мақұлдады”, - деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде дереккөзге сілтеме жасап.
Нетаньяху халықаралық және ішкі сынға қарамастан, бүкіл Газа секторын бақылауға алуды көздеп отыр.
Бұған дейін Нетаньяху үкіметпен бірге Газа секторын толық басып алу туралы бұйрық беруге дайындалып жатқаны хабарланған еді. Ynet порталының дерегінше, Израиль бүкіл анклав аумағында белсенді әскери операцияларға көшуді жоспарлап отыр, соның ішінде тұтқындар ұсталып отырған аудандарда да ұрыс жүргізілмек.
Басылым атап өткендей, Израиль Қарулы күштері Бас штабының бастығы Эиля Замир бұл жоспарға қарсы болған, алайда үкімет шешім қабылдағанда әскери басшылықтың ұстанымын ескермеген.
Бұл жоспар шамамен он сағатқа созылған талқылаудан кейін мақұлданған. Аталған қадам Газа секторын толықтай басып алудың алғашқы кезеңі болуы мүмкін. Операция бір миллионға жуық бейбіт тұрғынның қоныс аударуына әкеліп, бірнеше айға созылады деп болжануда.
Ynet-тің хабарлауынша, отырысқа қатысушылар басып алу туралы шешімді мақұлдаған. Ресми құжаттарда «басып алу» емес, «бақылау орнату» деген сөз қолданылғанымен, дереккөз нақты осыны меңзеп отырғанын айтқан.
Газадағы жағдайға қатысты шешім ресми мәлімдемемен де расталды.
«ЦАХАЛ Газа қаласында бақылау орнатуға дайындалады, сонымен қатар қақтығыс аймақтарынан тыс жерлерде бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіледі», - деді Израиль премьер-министрі кеңсесінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман.
Бұған дейін премьер-министр Биньямин Нетаньяху ХАМАС-пен қақтығыс аяқталған соң Израиль Газа секторын аннексияламайтынын және аймақты уақытша басқару органына бергісі келетінін News18 порталына айтқан.
Саясаткердің айтуынша, Израильдің басты мақсаты — ХАМАС-ты жою және тұтқындарды қайтару (қазіргі кезде шамамен 50 адам тұтқында, олардың 20-сы тірі деп есептеледі). Қақтығыстан кейін Газа секторында Израиль үшін қауіп төндірмейтін «қауіпсіздік периметрі» құрылмақ.
Нетаньяху Израильдің Газа секторын басқарғысы келмейді екен. Мәлімдемеде Израиль аймақты ХАМАС-пен де, Батыс жағалауды басқарып отырған Палестина ұлттық әкімшілігімен де байланысы жоқ күштерге беруді көздейтіні және Газа секторындағы қауіпсіздікке өзі жауап беретіні нақтыланған.