Израиль Ғаза қаласына әуе соққысын күшейтті, Рубио Иерусалимге келді
Израиль кейінгі күндері БҰҰ-ның Палестина босқындары агенттігіне қарасты 10 ғимаратқа әуе соққысын жасады. Дәл осы кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильге келді.
14 қыркүйек күні Израиль армиясы Ғаза қаласында кемінде 30 тұрғын үйді бомбалап, мыңдаған адамды үйлерінен кетуге мәжбүр етті. Reuters-тің хабарлауынша, Израиль бұл қаланы басып алуды жоспарлап отыр. Шамамен бір миллион палестиналық пана тапқан аймақты әскерилер ХАМАС-тың «соңғы тірек нүктесі» деп сипаттайды.
БҰҰ Палестина босқындары агенттігінің комиссары Филипп Лаззарини Газадағы Беач лагері клиникасының жұмысы тоқтағанын мәлімдеді. Бұл клиника – солтүстік Газадағы жалғыз медициналық мекеме болған. Оның айтуынша, кейінгі төрт күнде жеті мектеп пен екі клиниканы қоса алғанда, оннан астам ғимарат соққы астында қалған.
Осы оқиғалар кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильге келді. Ол сапары алдында:
«Болған оқиға – болды. Біз Израиль басшылығымен кездесіп, келешектің қандай өзгерістер әкелетінін талқылаймыз», – деді.
Рубио Құддыстағы Батыс қабырғаға (Жылау қабырғасы) барып, бүгін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуі жоспарланған. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл сапарды «Американың Иерусалимді Израильдің мәңгілік астанасы ретінде мойындауын тағы да растау» деп атады.
Израильдің 9 қыркүйекте Дохадағы ХАМАС басшылығына жасаған әуе шабуылы Катар тарапынан қатты сынға алынды. 15 қыркүйекте Дохада Араб-Ислам елдерінің шұғыл саммиті өтеді деп болжанған.
Израиль армиясы кейінгі аптада Газа қаласына бес рет шабуыл жасап, 500-ден астам нысанды атқылағанын мәлімдеді. Палестина ресми деректеріне сәйкес, соңғы жексенбіде кемінде 45 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
ХАМАС дерегінше, 11 тамыздан бері Израиль 1 600 тұрғын үйді және 13 мың шатырды қиратқан.
Гуманитарлық ұйымдар Израильдің Газа қаласын толық басып алуы азық-түлік тапшылығынан қиналып отырған халыққа қиындық әкелетінін ескертуде. Аймақтың Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, аштық пен тамақ жетіспеушілігінен кемінде 422 адам көз жұмған, олардың ішінде 145 бала бар. Кейінгі екі жылға созылған соғыс барысында 64 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.