Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Израиль Газа секторын қайта атқылады: 6 палестиналық қаза тапты

Газа
Фото: Reuters

Жексенбі күні Израильдің әуе соққысы мен танктерден атқылауы салдарынан алты палестиналық, оның ішінде екі кішкентай қыз қаза тапты.

Газа денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, бұл екі бөлек шабуыл Израиль мен АҚШ аймақта жаңа әскери науқан бастағаннан бері сектордағы ең қанды оқиғалардың бірі болды.

Reuters агенттігінің жазуынша, алғашқы соққы Ғаза қаласының батыс бөлігінде орналасқан әл-Азхар университетінің маңында жасалған. Бұл шабуыл кезінде медицина қызметкерлері Мұхаммед Хамдуна, Мұхаммед Абу Шедек және Ахмед Лафи қаза тапқан.

Дәрігерлердің айтуынша, соққы палестиналықтар паналаған шатырлы босқындар лагеріне жақын жерде жасалған. Нәтижесінде тағы бірнеше адам жарақат алған.

Израиль әскері жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде, нақты дәлел келтірместен, өз сарбаздарына шабуыл жасауға дайындалып жүрген ХАМАС ұйымының екі мүшесі жойылғанын айтты. Алайда әзірге ешбір топ қаза тапқандарды өз мүшесі ретінде мойындаған жоқ.

Reuters агенттігінің бұл оқиғаға қатысты түсініктеме сұрауына Израиль әскері жауап бермеген.

Нусейрат лагеріндегі шабуыл

Екінші шабуыл Газа секторының орталығындағы Нусейрат босқындар лагерінде болған.

«Әл-Ауда» ауруханасының мәліметіне сәйкес, түн ортасынан кейін Израиль танктерінің атқылауы салдарынан кемінде үш адам, оның ішінде екі қыз бала қаза тапқан. Сонымен қатар ішінде балалар да бар 10 адам жараланған.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, танк снарядтары Нусейраттың батыс бөлігінде отбасылар тұрып жатқан шатырлы тұрғын аймаққа түскен.

Бұл шабуылға қатысты Израиль тарапынан әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Ғазадағы гуманитарлық жағдай

Екі жылға созылған соғыс Газа секторын кең көлемде қиратып, екі миллионнан астам тұрғынның басым бөлігін өз жерінде босқынға айналдырды.

Иранға қарсы әскери кампания басталғаннан кейін Газаға жасалған шабуылдар саны азайған еді. Соған қарамастан, Израиль күштері өткен апта ішінде де бірнеше палестиналықты өлтірген.

Израиль мен ХАМАС 2025 жылдың қазан айында АҚШ-тың делдалдығымен Газада атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын. Алайда зорлық-зомбылық фактілері іс жүзінде күн сайын жалғасып келеді. Екі тарап та бітімнің бұзылуына бір-бірін айыптауда.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазан айынан бері Израиль соққылары салдарынан кемінде 640 палестиналық қаза тапқан. Ал Израиль тарапы осы кезеңде Газада төрт сарбазының қаза болғанын мәлімдеді.

Жалпы алғанда, екі жылдан астам уақытқа созылған Израиль шабуылдары салдарынан 72 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан, ал қаланың едәуір бөлігі толықтай қираған.