Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:15

Израиль Газа секторына әскерін толық кіргізді

Газа
Фото: ашық дереккөз

Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторына толық көлемде әскерін шоғырландырып, өңірдегі әскери операцияларды жаңа деңгейге көтерді. 

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, еврей мемлекеті анклав аумағына тұрақты жаяу әскер мен ауыр техника — танк бригадаларын енгізіп, ауқымды құрлықтық шабуылдарды бастаған.

Қазіргі таңда қақтығыстың негізгі ошақтарының бірі ретінде Газанің оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласы аталып отыр. Бұл аймақта бір мезетте бірнеше бағыттан әуе шабуылдары жалғасып жатыр. Әсіресе, соңғы күндері ЦАХАЛ-дың десанттық бригадалары мен арнайы жасақтары операцияға белсенді тартылуда.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, тек соңғы тәулікте жүргізілген соққылар салдарынан кемінде 39 бейбіт тұрғын көз жұмған. Құрбандар арасында әйелдер мен балалардың саны артып келеді.

Гуманитарлық жағдай күрт нашарлаған. Газадағы 2 миллионнан астам халық азық-түлік пен таза ауызсуға зәру. Израиль тарапы гуманитарлық дәліз ашылғанын мәлімдегенімен, жеткізілген азық-түлік көлемі қалыптасқан ауыр ахуалды жеңілдетуге жеткіліксіз. Куәгерлердің айтуынша, гуманитарлық көмек жүк көліктері кей аудандарға жете алмай, қайтадан кері қайтуға мәжбүр болған.

БҰҰ және халықаралық гуманитарлық ұйымдар аймақтағы ахуалды «қасіретті» деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, егер жақын арада тараптар атысты тоқтатпаса, бұл – Таяу Шығыстағы ең ірі гуманитарлық дағдарыстардың біріне айналуы мүмкін.

Дипломатиялық аренада да жағдай шиеленісіп тұр. Аймақтағы жанжалға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бірнеше рет шұғыл жиналыс өткізгенімен, нақты шешім қабылданған жоқ. Әлем елдері екі тарапты сабырға шақырып, бейбіт келіссөздерді қайта бастауға үндеп отыр.

Тегтер: