Израиль Газа секторына әуе соққыларын жасады
Жергілікті медициналық мекемелердің мәліметінше, Израильдің әуе соққылары салдарынан Газа секторында кемінде 30 палестиналық қаза тапты.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, соққылар Газа секторының солтүстік және оңтүстік аймақтарына, соның ішінде Газа қаласы мен Хан-Юнис қаласына бағытталған. Аш-Шифа ауруханасының хабарлауынша, сенбі күні таңертең Газа қаласына жасалған соққы салдарынан бір ана, оның үш баласы және бір туысы қаза тапқан.
Ал Насер ауруханасының мәліметіне сәйкес, Хан-Юнис маңындағы палаткалық лагерьге жасалған әуе соққысы өртке ұласып, жеті адамның өмірін қиған. Қаза тапқандардың арасында бір ер адам, оның үш баласы және үш немересі бар.
Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) бұл соққылар ХАМАС пен «Исламдық джихад» ұйымдарының командирлері мен террористік инфрақұрылымына қарсы, атысты тоқтату туралы келісімнің бұзылуына жауап ретінде жасалғанын мәлімдеді.
ЦАХАЛ мен Израильдің қауіпсіздік қызметі «Шин-Бет» бірлескен мәлімдемесінде:
«Біз кез келген келісімнің бұзылуын аса маңызды деп санаймыз және Газа секторынан Израиль азаматтары мен Қорғаныс күштеріне қауіп төндіретін кез келген әрекетке қарсы шара қолдануды жалғастырамыз», — делінген.
Әуе соққылары Газа секторының ең оңтүстігінде орналасқан “Рафах” шекаралық өткелінің ашылуы қарсаңында жасалды. 2023 жылғы қазаннан бері соғыс қимылдарына байланысты Газа секторына апаратын барлық өткелдер жабық.
Палестиналықтар Египетпен шекарадағы “Рафах” өткелін ондаған мың адамның сектордан тыс жерде медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін жалғыз жол ретінде қарастырады. Себебі Газа секторындағы медициналық инфрақұрылымның едәуір бөлігі қираған.