Израиль Газаға тағы да шабуыл жасады
Израиль Газа оңтүстігінде ЦАХАЛ әскерилері шабуылға ұшырағаннан кейін жауап ретінде ХАМАС нысандарына соққы берді.
Хабарламада: «Қауіпсіздік бойынша кеңестерден кейін премьер-министр Нетаньяҳу әскери күштерге дереу Газаға шабуыл жасауды бұйырды», — делінген.
БАҚ мәліметтері бойынша, Израиль әуе шабуылдары сектордың оңтүстігіне және Газа қаласына бағытталған. ХАМАС бақылауындағы жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі тоғыз адамның қаза тапқаны туралы хабарлады. Қаза болғандар бейбіт тұрғындар ма, әлде сарбаздар ма – нақты емес.
Бұған дейін Израиль қорғаныс министрі Исраэл Кац ХАМАС жауынгерлерін ЦАХАЛ әскерилеріне шабуыл жасау мен бітімді бұзу бойынша айыптаған. Ол оқиға нақты қай жерде болғанын ашып айтпаған. БАҚ дерегінше, шабуыл Мысырмен шекара маңындағы Рафах қаласының қасында болған.