Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Израиль Газаны басып алу мақсатымен жаңа операция бастады

Газа
Фото: Reuters

ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс күштері) Газ қаласына жаңа операция бастады. Бұған дейін Израильдің арнайы қызметтері Биньямин Нетаньяхуға осы жоспардан бас тартуды ұсынған еді.

Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газ қаласын бақылауға алу мақсатымен ауқымды операция бастады. Бұл туралы алғашқы болып Axios басылымы хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, 15 қыркүйек кешкісін Израиль әуе күштері Газадағы нысандарға жойқын соққы беріп, арада бірнеше сағаттан соң танктер қалаға кірген.

16 қыркүйек күні таңертең Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац операцияның басталғанын ресми түрде растады.

«Газа жанып жатыр. Сарбаздарымыз батыл күресуде. Біз заложниктерді босатып, ХАМАС-ты толық талқандағанша тоқтамаймыз», — деп жазды министр әлеуметтік желілерде.

Өткен демалыс күндері Израиль авиациясы Газадағы ондаған биік ғимараттарды нысанаға алған. ЦАХАЛ дерегінше, бұл нысандарды ХАМАС әскери мақсатта пайдаланған.
Операцияға дейін Израиль билігі тұрғындарға Газаны тастап, оңтүстікке – «гуманитарлық аймақтарға» көшуге шақырған еді. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қаладан кеткен.

Жер операциясы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың кездесуінен кейін басталды. Axios дерегінше, Рубио Нетаньяхуға АҚШ президенті Дональд Трамптың қолдауын жеткізген. Бірақ Вашингтон операцияның қысқа мерзімде әрі жылдам аяқталғанын қалаған.

Сонымен қатар, Израильдің арнайы қызмет басшылары Нетаньяхуға Газаны толық басып алу жоспарын қауіпті деп ескерткен. Олардың пікірінше, мұндай қадам Израиль әскерінің үлкен шығынға ұшырауына, тұтқындардың өміріне қауіп төнуіне және 2 миллионнан астам палестиналықты тікелей әскери басқаруға мәжбүрлеуі мүмкін.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасаған еді. Мыңдаған зымыран атылып, содырлар шекарадан өтіп, бейбіт тұрғындарға қырғын салды. Салдарынан 1200-ден астам адам қаза тауып, 250-ден астам азамат кепілге алынған. Осы оқиғадан кейін Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялаған.

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, кейінгі екі жылда Газадағы бомбалаулардан 64 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 164 мыңнан астамы жарақат алған.

 

Тегтер: