Израиль ХАМАС көшбасшысы Мұхаммед Синвардың көзін жойғанын хабарлады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторында ХАМАС ұйымының негізгі басшыларының бірі — Мұхаммед Синвардың жойылғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Кнессетте сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз ХАМАС-тың басқарушы құрылымын жою жолындағы бетбұрыс кезеңге жеттік. Біз Мұхаммед Синварды жойдық», - деді Нетаньяху.
Синвар ХАМАС-тың Газа секторындағы жетекшісі және оның әскери қанаты — «Иззеддин әл-Кассам бригадаларын» басқарған. Израиль тарабының мәліметінше, 13 мамыр күні Израиль қорғаныс армиясы Хан-Юнисте орналасқан Еуропалық аурухананың астындағы жерасты командалық бекетке соққы жасаған. Нысана ретінде дәл осы Синвар таңдалған.
Бұл операция Израильдің ХАМАС пен «Хезболла» қозғалысына қарсы бағытталған кең ауқымды әскери стратегиясының жалғасы саналады. Былтыр, 27 қыркүйекте Израиль әскері Бейрутқа жасаған әуе шабуылы кезінде «Хезболла» ұйымын 30 жылдан астам басқарған Хасан Насралланы өлтіргенін мәлімдеген. Кейінірек Израиль билігі Насралланың екі мұрагерінің де көзін жойғанын хабарлады. Премьер-министр Нетаньяхудың айтуынша, бұл операциялар Израиль әскери авиациясының тікелей шабуылдарының нәтижесінде жүзеге асқан.
Израильдің ХАМАС басшыларын жүйелі түрде жоюы Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Сарапшылар бұл қадамдар аймақтағы қақтығыстың жаңа кезеңге өтуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады. Израиль тарапынан жасалған бұл қадам халықаралық қауымдастықтың назарын тағы да Газа секторындағы гуманитарлық жағдай мен қақтығыстың шешімін іздеуге бағыттауы мүмкін.