Израиль ХАМАС көшбасшысы Синвардың өлтірілгенін мәлімдеді
Палестиналық ХАМАС қозғалысының басшысы Яхья Синвар Израиль армиясының Газа секторына жасаған соққысының нәтижесінде қаза тапты. Бұл туралы Израильдің Сыртқы істер министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп жазады Анадолу агенттігі.
ХАМАС бұл ақпаратты әлі растаған жоқ.
Кац 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы үшін жауапкершілікті Синварға жүктеді. Ол Синвардың өлтірілуін «әскери жетістік және Израильдің Иранға қарсы жеңісі» деп атады.
Кацтың айтуынша, Синвардың өлімі «Газа секторындағы израильдік тұтқындарды босатуға және ХАМАС пен Иран бақылау жүргізбейтін жаңа шындық орнатуға мүмкіндік береді».
Өз кезегінде, Израиль армиясы ХАМАС көшбасшысының Газа секторының оңтүстігіне жасалған соққы кезінде қаза тапқанын хабарлады.
Яхья Синвар 1962 жылғы 29 қазанда Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнус қаласындағы босқындар лагерінде дүниеге келген.
Алдыңғы ХАМАС көшбасшысы Исмаил Хания сияқты, Синвар да 1948 жылы Израиль басып алған палестиналық аумақтардағы Аскалан (Ашкелон) қаласынан шыққан. Ол Газа Ислам университетінің араб тілі мен әдебиеті факультетін бітірген.
Синвар ХАМАС-тың әскери қанаты «Изз ад-Дин аль-Кассам бригадаларының» негізін қалаушылардың бірі болып саналады.