Израиль Иран барлау министрінің қаза тапқанын мәлімдеді
Иранның барлау министрі Исмаил Хатиб Тегеранда Израильдің әуе соққысы салдарынан қаза тапты. Бұл туралы Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацқа сілтеме жасап, Times of Israel басылымы хабарлады.
Кацтың айтуынша, соққы 18 наурызға қараған түні жасалған.
«Иранға жасалып жатқан соққылардың қарқыны артып келеді. Осы түнде Иран барлау министрі Хатиб жойылды», – деді ол.
Сондай-ақ министр өзі мен премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израиль қорғаныс армиясына Иранның кез келген жоғары лауазымды тұлғасын қосымша келісімсіз жоюға рұқсат бергенін мәлімдеді.
Әзірге Иран тарапы Хатибтің қазасы туралы ақпаратты растамады да, жоққа да шығармады.
Исмаил Хатиб Иран барлау қызметінің басшысы қызметіне 2021 жылы тағайындалған. Ол Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің ең жақын серіктерінің бірі болған.
Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранның жоғары лауазымды тұлғалары туралы ақпарат үшін 10 миллион доллар көлемінде сыйақы жариялаған. Бұл тізімде Можтаба Хаменеи, Әли Лариджани және Исмаил Хатибтің есімдері болған.
17 наурыз күні Израиль әуе соққысы салдарынан Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани қаза тапқаны туралы хабар тараған. Кейін бұл ақпаратты Иранның ресми органдары растады. Лариджанимен бірге оның ұлы Муртаза және оның қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Алириза Беят та көз жұмған.
Сол күні Израиль әскерилері «Басидж» жасақтарының қолбасшысы (Ислам революциясы сақшылар корпусы құрамындағы бөлімше) Сүлеймани де жойылғанын мәлімдеді.
Әли Лариджани – Әли Хаменеидің қазасынан кейін өлтірілген Ирандағы ең жоғары лауазымды тұлғалардың бірі. The New York Times басылымы АҚШ пен Израильдің шабуылы басталғанға дейін елдегі нақты билік Лариджанидің қолына өткенін жазған еді. Басылым мәліметінше, Әли Хаменеи қаңтар айында оған наразылықтарды басып-жаншу және соғысқа дайындық жүргізу міндетін жүктеген.