Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:51

Израиль Иран қауіпсіздік қызметінің басшысы Лариджанидің қаза тапқанын мәлімдеді

Лариджани
Фото: aa.com

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иран Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Израильдің соққысы салдарынан қаза тапқанын мәлімдеді.

 Алайда Иран тарапы әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ.

Бұған дейін ирандық БАҚ Лариджани туралы мәлімет жақын арада жарияланатынын хабарлаған.

Израильдің әскери өкілі BBC-ге берген сұхбатында Иран қауіпсіздік қызметінің басшысы Израиль армиясының (ЦАХАЛ) соққысының негізгі нысанасы болғанын растаған.

Сонымен қатар Израиль армиясы тағы бір соққы нәтижесінде «Басидж» әскерилендірілген құрылымының қолбасшысы Голамреза Сулейманидің де қаза тапқанын мәлімдеді.

"Лариджани мен "Басидж" қолбасшысы өлтірілді. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху екеуміз Израиль армиясына Ирандағы террор мен репрессия режимінің басшылығын қудалауды жалғастыруды тапсырдық", — деді Кац.

Кац АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран басшылығындағы кадрлық өзгерістер туралы пікіріне де тоқталып:

"Трамп Иран басшылығында кадр ауысуы жоғары екенін айтқан еді. Біз оған бұл көрсеткіш екі жоғары лауазымды тұлға жойылғаннан кейін одан әрі артқанын хабарлаймыз", - деді мысқылдап.

Израиль қорғаныс министрі операцияға қатысқан әскери-әуе күштерінің ұшқыштары мен барлау қызметін жоғары бағалады.

Айта кетейік, Иран тарапы әзірге Лариджани мен Сүлейманидің қаза тапқанын ресми түрде растаған жоқ.

Тегтер: