Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Израиль Иранға қарсы ауқымды шабуыл бастағанын жариялады

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Тегерандағы бірқатар инфрақұрылым нысандарына қарсы «кең ауқымды соққылар толқыны» жасалғанын мәлімдеді.

Израиль әскери күштері шабуылдардың басталғанын 3 наурыз, сейсенбі күні хабарлаған. Ал жергілікті уақыт бойынша 20:00-де соққылар тоқтатылғаны ЦАХАЛ-дың Telegram-дағы ресми парақшасында жарияланды.

Әскерилердің айтуынша, соққылар нақты барлау мәліметтері негізінде жасалған. Шабуылдар Тегеран қаласына және Иран астанасынан шамамен 440 шақырым қашықтықтағы Исфахан қаласына бағытталған.

ЦАХАЛ мәліметінше, нәтижесінде Иран билігі қару-жарақ, соның ішінде баллистикалық зымырандар өндіретін өнеркәсіптік нысандар нысанаға алынған. AFP агенттігі де Тегеранның шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерінде жарылыстар болғанын хабарлады.

Израиль армиясының мәліметінше, тек Исфаханның өзінде ондаған нысанаға соққы жасалған. Олардың арасында зымыран ұшыру қондырғылары мен қару сақтайтын қоймалар бар. ЦАХАЛ-дың айтуынша, бұл қондырғылардың бірі Израиль бақылауындағы Голан жоталарына бағытталған.

Ал Иранның Tasnim және Mehr ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, АҚШ пен Израильдің әуе соққыларының бірі Құм қаласында орналасқан Сарапшылар кеңесінің ғимаратына бағытталған. Құм қаласы Тегераннан шамамен 125 шақырым қашықтықта орналасқан.

Сарапшылар кеңесі – елдің жоғарғы рухани көшбасшысын сайлайтын мемлекеттік орган. Жаңа көшбасшыны сайлау мәселесі Иранды 1989 жылдан бері басқарған Әли Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен соққылары кезінде қаза тапқаннан кейін туындаған.

3 наурыздағы шабуыл жергілікті уақыт бойынша 16:40-та жасалған. Tasnim агенттігінің мәліметінше, шабуыл кезінде ғимаратта ешкім болмаған. Ал Mehr агенттігі бұл ғимарат жиналыстар өткізу үшін пайдаланылмайтынын хабарлады.

Сонымен қатар Tasnim мәліметінше, соққы кезінде жақын маңдағы тұрғын үйлер мен дүкендер де зардап шеккен. Нәтижесінде бірнеше бейбіт тұрғын жараланған.

Ирандағы билік қалай басқарылып жатыр?

Иранда жоғарғы көшбасшы тағайындалғанға дейін елді үш адамнан тұратын уақытша кеңес басқарып отыр. Оның құрамына:

  • Иран президенті Масуд Пезешкиан,

  • Сарапшылар кеңесінің мүшесі Әлириза Арафи,

  • сот билігінің басшысы Ғолам Хосейн Мохсени кіреді.

Иран заңнамасына сәйкес, 88 дінтанушыдан тұратын Сарапшылар кеңесі ел азаматтары арқылы әр сегіз жыл сайын сайланады. Соңғы сайлау 2024 жылы өткен. Бұл орган елдің жоғарғы көшбасшысын тағайындайды және бұл қызмет өмір бойына беріледі.