Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:13, 28 Ақпан 2026

Израиль Иранға қарсы соғысты бастап кетті: Тегеранда жарылыс даусы естіліп жатыр

Иран
Фото: 9 канал Израиль телеграм арнасы

Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иран аумағына «алдын алу соққысын» жасады.

 Бұл туралы сенбі, 28 ақпан күні Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді.

Министрдің мәлімдеуінше, соққы еврей мемлекетіне төнген қауіптің алдын алу мақсатында жасалған. Қазіргі уақытта:

 * Елде төтенше жағдай жарияланды.

 * Білім беру іс-шараларына, жиындарға және кеңселерде жұмыс істеуге тыйым салынды.

 * Тұрғындарға бомба паналайтын орындарға жақын болу ескертілді.

 * Әскерилер жүргізушілерге қажетсіз жолға шықпауға кеңес берді.

ЦАХАЛ өкілдері бұл шаралардың Иран тарапынан болуы мүмкін зымырандық соққыларға дайындық екенін атап өтті.

Тегерандағы ахуал

Ирандық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Израиль зымырандары Тегерандағы Данешгах даңғылы мен Джомхури ауданына түскен. Пастур ауданында жарылыстан кейінгі түтін байқалуда.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер бойынша, Иран астанасында кем дегенде бес ірі жарылыс болған.

Дональд Трамптың мәлімдемесі

Осы оқиғаның қарсаңында, сенбіге қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты «қиын шешім» қабылданатынын аңдатқан болатын. Ол ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің барысына көңілі толмайтынын айтып, Тегеранды уран байытудан толық бас тартуға шақырған еді.