Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Израиль Иранның газ өнеркәсібіне соққы жасады

1
Фото: Anadolu Agency

Израиль соққылары әлемдегі ең ірі газ кен орны саналатын, Иран мен Қатар бөлісетін «Оңтүстік Парс» кенішіне бағытталды. Бұған жауап ретінде Иран БАӘ, Сауд Арабиясы және Қатардың энергетикалық нысандарына шабуыл жасайтынын ескертті.

АҚШ-пен бірге Иранға қарсы соғысқа қатысып жатқан Израиль Парсы шығанағы жағалауындағы Иранның газ өнеркәсібі нысандарына әуе соққыларын жасады. 18 наурыз, сәрсенбі күні Иранның Tasnim және Mehr агенттіктері Асалуйе өнеркәсіп қаласы маңындағы мұнай-химия кәсіпорындары шабуылға ұшырағанын хабарлады.

Axios порталы үкімет көздеріне сілтеме жасап, бұл соққылар АҚШ-пен келісіліп жасалғанын жазды. Tasnim агенттігі Бушер провинциясы вице-губернаторының мәліметіне сүйене отырып, газ өндіруге қатысты бірнеше өнеркәсіп нысандары нысанаға алынғанын хабарлады. Билік тұрғындарға шабуыл жасалған аймақтарға жақындамауды ескертті.

Иран мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, Парсы шығанағындағы ірі газ кен орнында орналасқан өндірістік қондырғы әуе соққылары салдарынан зақымданып, өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жіберілген.

Асалуйе маңында Иран мен Катарға ортақ, әлемдегі ең ірі газ кен орны – «Оңтүстік Парс» орналасқан. Бұл аймақ Иран энергетикасы үшін стратегиялық маңызға ие: елдегі ішкі газ тұтынудың шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Иранда өндірілетін табиғи газдың басым бөлігі ішкі қажеттілікке жұмсалады.

Газ өнеркәсібіне жасалған шабуылдан кейін Иран «агрессия көзіне» қатаң соққы беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, шабуылдарға қатысы бар мемлекеттердің «отын, энергетика және газ инфрақұрылымын» нысанаға алатынын ескертті. Мемлекеттік телеарна «заңды нысандар» тізімін жариялап, оған Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай-газ объектілерін енгізді. Бұл нысандарға «жақын сағаттарда» соққы жасалуы мүмкін екені айтылды.

Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) мәлімдемесінде шектеулі қақтығыстар кезеңі аяқталып, соғыс «кең ауқымды экономикалық соғысқа» ұласқаны атап өтілді. Бұған себеп ретінде Иранның азаматтық және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдарына жасалған шабуылдар көрсетілген.

Иранның мұнай өнеркәсібі негізінен Хузестан провинциясында шоғырланған. Мұнай сату ел билігінің басты табыс көзі болып саналады. Бұл мұнайдың ең ірі, бірақ бейресми сатып алушысы әлі күнге дейін Қытай болып отыр.

Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул қақтығыстың кеңеюі мен оның жаһандық салдарына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл соғыс «тек аймақты ғана емес, бүкіл әлемді дағдарысқа алып келуі мүмкін».