Израиль Иранның жоғарғы көшбасшысының ұшағын жойғанын мәлімдеді
Израиль армиясы Иран басшылығы пайдаланған маңызды авиациялық нысандардың біріне соққы жасалғанын мәлімдеді.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) дүйсенбіге қараған түні Израиль әскери-әуе күштері Тегерандағы Мехрабад әуежайы аумағында бұрынғы Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи пайдаланған ұшақты жойғанын хабарлады.
Бұл әуе кемесін Хаменеи және басқа да жоғары лауазымды ирандық шенеуніктер ішкі және халықаралық сапарлар үшін, сондай-ақ «қарсылық осі» деп аталатын одақтас мемлекеттермен өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында пайдаланған.
— Ұшақтың жойылуы Иран режимі басшылығының одақтас елдермен әрекеттерін үйлестіру, әскери әлеуетін дамыту және өз мүмкіндіктерін қалпына келтіру қабілетіне соққы береді, — делінген Израиль әскери күштерінің мәлімдемесінде.
ЦАХАЛ сонымен қатар осы айдың басында Израиль авиациясы Мехрабад әуежайына соққы жасап, 16 ұшақты жойғанын мәлімдеді. Израиль тарапының айтуынша, бұл ұшақтарды Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының «Құдс» бөлімшесі одақтас топтарға қару-жарақ пен қаржылай көмек жеткізу үшін пайдаланған. Әсіресе, Ливандағы «Хезболла» ұйымына көмек жасалған.
Израиль әскери күштерінің мәліметінше, ирандық тарап ұшақтардың бір бөлігін анықталуын қиындату үшін есептен шығарылған авиациялық техникалар сақталатын аймақтарға жасыруға тырысқан.
Мехрабад әуежайы — Тегерандағы ең көне әуежайлардың бірі. Қазіргі кезде ол негізінен ішкі және аймақтық рейстерге қызмет көрсетеді, бірақ сонымен қатар Иран әскери-әуе күштері де пайдаланады.
Бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи Ресейде ем қабылдап жатқаны хабарланған болатын.