Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Израиль ИРСК-тің «бас идеологы» қаза тапқанын растады

Наини
Фото: Tasnim

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) ресми өкілі, генерал Али Мохаммад Наинидің қаза тапқанын растады.

Израиль тарапы оны Иран режимінің «бас насихатшысы» деп атады. Бұған дейін Наинидің қаза тапқаны туралы Иранның мемлекеттік БАҚ-тары да хабарлаған.

ЦАХАЛ мәліметінше, израильдік әскери-әуе күштері 20 наурызға қараған түні барлау деректері негізінде оған әуе соққысын жасаған.

«Наини ұзақ жылдар бойы насихат және қоғаммен байланыс саласында түрлі қызметтер атқарды. Соңғы екі жылда ол Иран режимінің ИРСК құрамындағы бас идеолог болды», – делінген Израиль армиясының хабарламасында.

Бұл қызметінде Наини Таяу Шығыстағы Иранға жақтас топтар арасында насихат жүргізіп, Израильге қарсы шабуылдарды үйлестіруге ықпал еткен.

Израиль әскері оның жойылуын Иран басшылығының ондаған өкілін нысанаға алған операцияның бір бөлігі деп атап, алдағы уақытта да Иран режимінің командирлері мен жоғары лауазымды тұлғаларына қарсы әрекеттер жалғасатынын мәлімдеді.

Ал Иранның Tasnim агенттігі Наинидің өлімін «шәһид» деп бағалады.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы

28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасап келеді. Бұл шабуылдар салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар мен күштік құрылым өкілдері қаза тапқан.

Өз кезегінде Иран Парсы шығанағындағы көрші елдерге зымырандар мен дрондар арқылы соққы беруде. Тегеран бұл шабуылдардың нысанасы – аймақтағы америкалық әскери базалар екенін мәлімдейді.

Иран шабуылдары барысында Парсы шығанағындағы бірқатар елдердегі мұнай қоймалары мен танкерлер де зақымданған.

Сонымен қатар, соғыс басталғалы Иранның шабуылдарынан Әзербайжан мен Еуроодақ құрамындағы Кипр де зардап шеккен.