Израиль қыркүйек айының ортасында Газаға шабуылдауы мүмкін

Израиль әскері Газаның шетіне жетіп, айдың ортасында қаланы шабуылдауға дайындалып жатыр. Бұл туралы BBC хабарлады.
Израиль Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, операция барысында шамамен бір миллион палестиналықтың қоныс аударуына тура келуі ықтимал. Олар үшін алдағы күндері жарияланатын «гуманитарлық аймақ» қарастырылуда. Алайда халықаралық ұйымдар эвакуациялау үшін қауіпсіз жолдардың жоқ екенін ескертіп отыр. Бұған дейін «қауіпсіз» деп жарияланған аудандар да соққыға ұшыраған еді.
Израильдің қауіпсіздік кабинеті бұл жоспарды шамамен бір ай бұрын бекіткен. Операцияның негізгі мақсаты – ХАМАС-ты жою және 48 тұтқынды босату. Олардың 20-сы тірі болуы мүмкін деп болжанып отыр.
Айта кетейік, Израильдің Газа секторындағы әскери операциясы 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС ұйымдастырған шабуылға жауап ретінде басталған. Ол шабуылда шамамен 1200 адам қаза тапқан, 251 адам тұтқынға алынған.
Сол уақыттан бері Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 63 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Қазір Газа қаласындағы үйлердің 90%-дан астамы қираған немесе бүлінген, денсаулық сақтау, су және санитарлық жүйелер істен шыққан. Өткен аптада аймақта ашаршылық ресми түрде тіркелді.
Израиль билігі Газа қаласына құрлық әскерін кіргізер алдында тұрғындарды түгелдей эвакуациялау жоспарын қарастырып жатыр.