Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 19 Қараша 2025

Израиль Ливан аумағындағы ХАМАС жаттығу лагеріне соққы жасады

Ливан
Фото: BILD

Израиль қорғаныс армиясы (IDF) Ливанның оңтүстігіндегі ХАМАС-қа тиесілі әскери дайындық алаңына әуе соққысы жасалғанын хабарлады.

IDF мәліметінше, нысанаға алынған аумақта ХАМАС-тың Израиль әскері мен Израиль мемлекетіне қарсы терактілерді жоспарлау және жаттығу жүргізуге арналған лагері орналасқан.

«Израиль қорғаныс армиясы ХАМАС-тың Айн әл-Хильва аймағындағы жаттығу лагерінде әрекет еткен содырларға соққы жасады. Аталған әскери база террористердің терактілер дайындауына пайдаланылған», - делінген ресми хабарламада.

Әскерилердің айтуынша, соққы алдында бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеу үшін бірқатар шаралар қабылданған. Оның ішінде:

  • жоғары дәлдікпен бағытталатын оқ-дәрілер қолдану;
  • әуеден бақылау жүргізу;
  • қосымша барлау мәліметтерін жинау.

IDF өкілдері Израиль ХАМАС содырларына Ливанда да, өзге аймақтарда да қарсы әрекетін жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Бұған дейін Израильдің солтүстігінде Иран қолдайтын «Хезболла» ұйымымен шиеленіс қайта ушыға түскені хабарланған. Себебі – бір жыл бұрын жасалған келісімнің орындалмауы.

Ливан үкіметінің қарусыздану туралы талабына қарамастан, «Хезболла» ұйымы бас тартқан және израильдік әскерилердің дерегінше, шекара маңындағы белсенділігін қайта күшейткен.