Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:48

Израиль Ливанда «Хезболлаға» соққы жасады

Ливан
Фото: Hussein Malla/AP

Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Бейрут маңы мен Ливанның оңтүстігіндегі Иран қолдау көрсететін «Хезболла» қозғалысының нысандарына әуе соққыларын жасады.

Куәгерлер оннан астам жарылыс болғанын хабарлаған. Бұл – 2024 жылдан бері Ливан астанасының оңтүстігіне жасалған ең ауқымды соққылардың бірі.

Reuters агенттігінің 2 наурыз, дүйсенбі күнгі мәліметінше, Израиль Бейруттың оңтүстігіндегі «Хезболла» бақылауындағы аудандарға күшті әуе шабуылдарын жасаған. Бұған дейін аталған топ Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеидің өлтірілгені үшін кек алу мақсатында Израильге қарай зымырандар мен дрондар жіберген.

Куәгерлер оннан астам жарылыс дауысын естігендерін айтқан. Агенттік нақтылауынша, бұл – 2024 жылдан бері Бейруттың оңтүстігіне жасалған ең қарқынды соққылар.

«Хезболла Израильге қарсы түнгі кампания бастады және кез келген шиеленіс үшін толық жауап береді», – деді Израиль қорғаныс күштері Бас штабының бастығы Аял Замир.

ЦАХАЛ-дың Telegram-арнасында хабарланғандай, Израиль әскері Бейрут маңында «Хезболланың» жоғары лауазымды өкілдеріне дәл соққы жасаған. Сонымен қатар Ливанның оңтүстігінде қозғалыс жетекшілерінің біріне соққы берілгені айтылды.

Бұған дейін АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Майк Уолтц Вашингтон мен Израиль «Эпикалық қаһар» деп атаған операция Иранның зымыран және әскери-теңіз инфрақұрылымына қарсы бағытталғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, басты мақсат – Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу. Сондай-ақ ол Тегеранды «Хезболла», ХАМАС және хуситтер сияқты қозғалыстарды қолдап отыр деп айыптады.