Израиль Ливанға бірнеше соққы жасады
АҚШ Иранға соққыларды тоқтатып, Пәкістан барлық бағытта әскери әрекеттерді доғару керек екенін мәлімдегеніне қарамастан, Израиль Ливанның оңтүстігіне соққыларды жалғастырды. Бар болғаны 10 минут ішінде 100-ден астам нысанаға шабуыл жасалған.
8 сәуір күні Израиль әскері Ливан астанасы Бейрутқа, сондай-ақ Тир мен Набатия қалаларының маңына әуе соққыларын жасады. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы бітім жарияланғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң орын алған.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливандағы «Хезболла» ұйымының басқару орталықтары мен әскери нысандарына соққы бергенін хабарлады.
Әскерилердің мәліметінше, 10 минут ішінде 100-ден астам нысанаға шабуыл жасалған. Бұл «Арыстанның айбыны» операциясы аясындағы ең ауқымды шабуылдардың бірі болған.
Израиль тарапы операция бірнеше апта бойы мұқият жоспарланып, нақты барлау деректеріне сүйене отырып жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ нысаналардың тұрғын аймақтарда орналасқаны, «Хезболла» бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланып отырғаны айтылды.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі «Әл-Жазира» арнасына берген мәліметінде соңғы соққылар салдарынан жүздеген адамның жараланып, қаза тапқанын хабарлады.
Израиль өз кезегінде соққы жасамас бұрын Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындарға эвакуация туралы ескерту жіберілгенін мәлімдеді.
Бітім Ливанға қатысты емес
Бұл оқиғалар Таяу Шығыстағы атысты тоқтату келісімі Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операцияларға қатысты ма деген сұрақ туындап тұрған кезде болып отыр.
Израиль АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға соққыларды екі аптаға тоқтату шешімін қолдағанымен, премьер-министр Биньямин Нетаньяху бұл бітім Ливанға таралмайтынын айтты.
Ал Пәкістан үкіметі, керісінше, бітім барлық бағытта, соның ішінде Ливанда да сақталуы тиіс екенін мәлімдеген. Премьер-министр Шахбаз Шариф екі апталық бітім «барлық жерде, соның ішінде Ливанда да әрекет етуі керек» деген болатын.
Халықаралық реакция
Франция президенті Эммануэль Макрон бітімді құптай отырып, оның Ливанға да толық қолданылуы керектігін айтты.
Испания сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Израильдің Ливанға соққыларын сынға алып:
— Әскери әрекеттер барлық бағытта тоқтатылуы тиіс. Бұл Ливанға қарсы соққылардың да тоқтауын білдіреді. Егемен мемлекетке қарсы соғысты жалғастыру дұрыс емес, - деді.
Испания премьер-министрі Педро Санчес те бітімді «жақсы жаңалық» деп атағанымен, оны толық қолдай алмайтынын айтты.
Құрбандар мен гуманитарлық жағдай
Ливан билігінің мәліметінше:
-
соңғы аптада 1500-ден астам адам қаза тапқан, оның ішінде 130-ы балалар
-
1,2 миллионнан астам адам (ел халқының бестен бірі) үйлерін тастап кеткен
AFP тілшісінің хабарлауынша, Ливанның оңтүстігіндегі кейбір аудандар бос қалған. Тұрғындар «Хезболладан» қауіп сейілді деген ресми мәлімдемені күтіп отыр.
Сондай-ақ бітім жарияланар алдында Израильдің Сидон қаласына жасаған соққысы салдарынан тағы сегіз адам қаза тапқан.