Израиль Ливанға жаңа соққылар жасады, қаза тапқандар бар
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Бейруттің орталығына, оңтүстік аудандарына және «Хезболла» инфрақұрылымы орналасқан қала маңына соққылар жасады. Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі Ливан университеті мен жағажайға жасалған шабуылдар салдарынан қаза тапқандар бар екенін мәлімдеді.
Израиль әскері Бейрут орталығы мен оңтүстік аудандарына, сондай-ақ қала маңындағы нысандарға соққы жасаған. AFP агенттігінің хабарлауынша, Ливан университетінің кампусы және «Хезболламен» байланысты қаржы компаниясының кеңсесі нысанаға алынған.
Ливанның мемлекеттік ақпарат агенттігі NNA мәліметіне сәйкес, университет кампусына жасалған дрон шабуылы салдарынан екі қызметкер қаза тапқан. Сонымен қатар елдің Денсаулық сақтау министрлігі Бейруттің оңтүстігіндегі Арамун қаласында бес адам қаза тапқанын, олардың арасында бір бала бар екенін хабарлады.
Бұдан бөлек, министрлік Бейруттағы Рамлет әл-Байда жағажайына жасалған таңертеңгі шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, 28 адам жараланғанын мәлімдеді.
Жалпы алғанда, Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 12 наурыз күні ел бойынша жасалған шабуылдар салдарынан 56 адам қаза тауып, 188 адам жараланған.
Ведомство мәліметіне қарағанда, 2 наурыздан бері Ливанға жасалған шабуылдар басталғалы 687 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 98 бала және 52 әйел бар. Сонымен қатар шамамен 1800 адам жараланған.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац бір күн бұрын «Хезболла» Израильге жаппай шабуыл жасағанын еске салды.
«Мен Ливан президентіне ескерту жасадым: егер Ливан үкіметі өз аумағын бақылап, “Хезболла” тарапынан Израильдің солтүстігіндегі елді мекендерге төнген қауіптің алдын ала алмаса, онда біз аумақты өзіміз бақылауға аламыз», – деп келтірді оның сөзін The Times of Israel басылымы.
Кац сондай-ақ премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен бірге ЦАХАЛ-ға Ливандағы әскери әрекеттерді кеңейтуге дайындалу туралы тапсырма берілгенін айтты. Бұл шаралар Израильдің солтүстігінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге бағытталған.
Сонымен қатар Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі елді мекендер тұрғындарын алдағы әскери операциялар туралы ескертіп, үйлерін уақытша тастап кетуге шақырды.
12 наурыздағы шабуылдарға қатысты ЦАХАЛ «Хезболламен» бірлесіп әрекет еткен Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) дивизиясының командирі мен оның орынбасары жойылғанын мәлімдеді. Израиль армиясының дерегіне сәйкес, наурыз айының басынан бері Ливанда 350 жауынгер өлтірілген.
Айта кетейік, 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққыларын жасап келеді. Бұл шабуылдар салдарынан Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеи және ел басшылығының бірқатар өкілдері қаза тапқаны хабарланған.
Бұған жауап ретінде Иран Израильге, Парсы шығанағындағы кейбір мемлекеттерге және өңірдегі америкалық әскери нысандарға соққылар жасады.
Ал 2 наурыз күні «Хезболла» Иран жағын қолдап соғысқа қосылып, Израильге ракета және дрондармен шабуыл жасаған. Осыдан кейін ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіне және Бейруттің оңтүстік маңына, «Хезболла» инфрақұрылымы орналасқан нысандарға соққы жасай бастады.