Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:37

Израиль Ливанның оңтүстігінде «шектеулі құрлық операциясын» бастады

Ливан
Фото: Kawnat Haju/AFP/Getty Images

16 наурыз, дүйсенбі күні Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» радикалды исламшыл ұйымына қарсы «шектеулі құрлық операциясының» басталғанын мәлімдеді.

 Бұл туралы DW хабарлады.

Әскери мәлімдемеде операцияның мақсаты алдыңғы қорғаныс шебін құру және нығайту, сондай-ақ «террористік инфрақұрылымды жою» екені айтылған. Израиль әскери қолбасшылығының мәліметінше, мұндай әрекет Израильдің солтүстігінде тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

ЦАХАЛ құрлықтағы әскерді енгізер алдында Израиль әскери-әуе күштері мен артиллериясы аймақтағы көптеген нысаналарға соққы жасағанын хабарлады.

Бұған дейін Иран қолдайтын «Хезболла» тобы Ливанның оңтүстігінде Израиль әскерімен тікелей қақтығыстар болғанын мәлімдеген.

Оған дейін Израиль әскері Ливан мен Израиль шекарасы бойында тактикалық операциялар жүргізіп, «Хезболланың» инфрақұрылымына соққы беріп жатқанын хабарлаған. Наурыз айының басында әскери қолбасшылық Ливанда ауқымды құрлық операциясының басталуы екіталай екенін айтқан еді.

Израиль: «Хезболла» қарусызданбаса, Ливан оңтүстік аумақтарынан айырылуы мүмкін

14 наурызда Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац «Хезболла» қаруын тапсырмаса, Израиль Ливанның оңтүстігіндегі аумақтарды бақылауға алуға дайын екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, егер радикалды топты қарусыздандыру жөніндегі міндеттемелер орындалмаса, Ливан үкіметі ұлттық инфрақұрылымға келетін зиян мен аумақтық шығын түрінде үлкен баға төлейді.

Ливан үкіметі бұған дейін «Хезболланың» әскери қызметіне шұғыл тыйым салғанын және ұйым мүшелерінен қаруларын тапсыруды талап еткен. Осы шешімнен кейін шииттік топтың мәртебесі «заңсыз қарулы құрылым» ретінде өзгертілді.

Израиль Литани өзеніне дейінгі аумақты алуы мүмкін

Axios басылымы израильдік және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, Израиль Литани өзенінің оңтүстігіндегі аумақты бақылауға алуға дайындалып жатқанын жазды. Мақсат – «Хезболланың» әскери инфрақұрылымын толық жою.

Басылымға сұхбат берген израильдік дереккөз:

«Біз Газада жасағанымызды осында да жасаймыз», - деген.

Оның айтуынша, ЦАХАЛ қару сақталуы мүмкін ғимараттарды жоюға дайындалып жатыр. Бұл әрекеттер Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің өлтірілуіне жауап ретінде жасалуы мүмкін соққылардың алдын алу мақсатында түсіндірілген.

Axios мәліметінше, құрлық операциясының кеңеюі 2006 жылғы Ливан соғысынан бері Израильдің бұл елге жасаған ең ірі әскери шабылуы болуы мүмкін.