Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңі өтті

Израил мен ХАМАС
Фото: Kobi Gideon/XinHua/dpa/picture alliance

Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт келіссөздердің алғашқы кезеңі  аяқталды.

 Келіссөздер 7 қазанда жалғасады. Дональд Трамп екі тараптың да жақын арада келісімге келетініне үміт білдірді.

Мысырда өткен алғашқы кездесу туралы Reuters агенттігі Палестина тарабына сілтеме жасап хабарлады. 6 қазанда өткен келіссөздер барысында ХАМАС өкілдері кепілге алынғандарды босату тәртібі мен Израиль әскері Газадан шығуының ауқымы және мерзімі жөніндегі ұстанымдарын ұсынған. Сонымен бірге, Еуропалық Одақ пен АҚШ «террористік ұйым» деп таныған ХАМАС қозғалысы Израильдің  атысты тоқтату және әскерін толық әкету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірді.

DPA мен жергілікті БАҚ деректеріне сүйенсек, келіссөздердің алғашқы кекезеңі жақсы өткен. Мысыр мемлекеттік баспасөзі де тараптардың диалогты жалғастыруға ниетті екенін растады. Келіссөздердің екінші кезеңі 7 қазан күні өтуі тиіс.

Шарм-эш-Шейхтағы бейбіт кездесу 6 қазанда басталған болатын. Тараптар Трамп әкімшілігі 29 қыркүйекте ұсынған 20 тармақтан тұратын Газадағы соғысты тоқтату жоспарын талқылауда. Бұл жоспарға сәйкес, ХАМАС кепілге алынған израильдіктерді босатып, Израиль әскері Палестина аумағынан кезең-кезеңімен шығуға тиіс. Өз кезегінде Израиль өмір бойына сотталған 250 палестиналық тұтқынды босатуы керек.

Қыркүйек айының соңында Вашингтонға сапары кезінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Трамптың жоспарын қолдайтынын мәлімдеген болатын. Ал ХАМАС өкілдері қазан айының басында АҚШ президентінің кей ұсыныстарына ішінара келісім бергенін хабарлады.