Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 09 Қазан 2025

Израиль мен ХАМАС Газада соғысты тоқтату бойынша келісімге келді

Израил мен ХАМАС
Фото: Kobi Gideon/XinHua/dpa/picture alliance

АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен дайындалған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңін Израиль мен ХАМАС ресми түрде келісіп, бекітті.

8 қазан күні кешке Трамп Truth Social желісінде жариялаған мәлімдемесінде екі тараптың бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі бойынша ортақ мәмілеге келгенін хабарлады.

«Бұл барлық израильдік тұтқындар жақын күндері босатылады, ал Израиль әскері келісілген шептерге шегінеді дегенді білдіреді. Бұл — тұрақты және сенімді бейбітшілікке бастайтын алғашқы қадам. Барлық тараптармен әділ түрде жұмыс жүргізіледі», – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті бұл тарихи келісімге үлес қосқан Катар, Мысыр және Түркияның арағайындығына алғыс білдірді.

Трамп Таяу Шығысқа ұшуға дайын

Ақ үйде өткен брифингте Дональд Трамп 12 қазанға дейін Таяу Шығысқа барып, келісімге қол қою рәсіміне қатысатынын мәлімдеді.

«Мүмкін, апта соңында немесе жексенбі күні барамын. Келісімнің жүзеге асқанына куә болғым келеді», – деді ол журналистерге.

Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп ХАМАС ұстап отырған израильдік тұтқындардың 13 қазан, дүйсенбі күні босатылуы мүмкін екенін айтты. Оның ішінде тұтқында қаза тапқан адамдардың мәйіттерін қайтару да бар.

Келісімді Израиль, ХАМАС және Катар растады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 9 қазанда үкімет отырысын өткізіп, келісімді ратификациялау және тұтқындарды елге қайтару мәселесін талқылайтынын мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ХАМАС та израильдік тараппен келісімге келгенін растады. AFP агенттігіне сілтеме жасаған ХАМАС өкілдері тұтқындардың 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталатынын, бұл процесс келісім жасалғаннан кейін 72 сағат ішінде жүзеге асатынын хабарлады.

Катар СІМ-нің ресми өкілі Маджед әл-Ансари өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында:

«Бүгін кешке Газадағы атысты тоқтату келісімінің барлық тармақтары мен іске асыру тетіктері бойынша мәмілеге қол жеткізілді. Бұл соғыстың тоқтауына, тұтқындардың босатылуына және гуманитарлық көмектің жеткізілуіне жол ашады», – деп жазды.
Келісімнің егжей-тегжейі кейінірек жарияланатыны айтылды.

БҰҰ Бас хатшысы келісімді қолдады

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімді құптап, Таяу Шығыста бейбітшілікке қадам жасалғанын атап өтті.

«Барлық тараптар келісім шарттарын толық орындауы тиіс. Барлық тұтқындар  босатылуы керек. Соғыс әрекеттері біржола тоқтауы тиіс», – деді Гутерриш.

БҰҰ Газадағы гуманитарлық көмектің көлемін арттыруға дайын екенін де хабарлады.

Сонымен қатар, ол тараптарды гуманитарлық жүктер мен коммерциялық тауарлардың дереу және кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды. Гутерриш бұл мүмкіндікті пайдаланып, палестин халқының өзін-өзі анықтау құқығын мойындайтын және екі мемлекет шешіміне алып келетін сенімді саяси жолды қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Қақтығыстың бастауы – 2023 жылғы 7 қазан

ХАМАС қозғалысының 2023 жылғы 7 қазандағы Израильге шабуылы Таяу Шығыстағы жаңа шиеленістің бастауы болды.

Ол кезде қарулы топ Израиль аумағына басып кіріп, бейбіт тұрғындарға қарсы  шабуыл жасады. Шамамен 1200 адам қаза тауып, 250 адам тұтқынға алынды. Кейін олардың бір бөлігі айырбасталды, кейбірі босатылды, ал қалғандары тұтқында қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялап, Газа секторына ауқымды бомбалау мен құрлықтағы операциясын бастады.

ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 67 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланған. Алайда статистикада қанша адамның ХАМАС жауынгері, қаншасы бейбіт тұрғын екені нақты көрсетілмеген.

Қыркүйек айының соңында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға сапары барысында Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспарға келісім берген еді.

ХАМАС өкілдері де қазан айының басында кейбір шарттарды қолдайтындарын білдірген.
6 қазанда Мысырда екі тараптың қатысуымен арағайын елдердің делдалдығымен алғашқы келіссөздер өткен болатын.