Израиль мен Сирия арасында құпия келіссөздерден кейін шиеленіс қайта өршіді

The Jerusalem Post басылымының жазуынша, Израиль мен Сирия арасындағы жасырын қауіпсіздік келіссөздері тараптарды жаңа қақтығыс табалдырығына алып келді. АҚШ-тың делдалдығымен жүргізілген бұл диалогтар Израильдің 2020 жылы БАӘ, Бахрейн және Мароккомен қол қойған «Ибрахим келісімдерін» кеңейту аясында өрбіген.
Алайда Сирия тарапы Израильге өз аумағына соққы жасауға мүмкіндік беретін қандай да бір келісімді үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Басылымның аноним дереккөздеріне сүйенсек, Тел-Авив Дамаскпен қатынасты жақсартуға ниет білдіргенімен, басты шарт ретінде Израильдің Сириядағы «қатерлерге қарсы алдын ала соққы жасау құқығын» сақтауды ұсынған. Бұл ұсыныс Сирия тарапынан «қабылданбайтын шарт» ретінде бағаланды.
Сирия-Израиль шекарасына жақын орналасқан буферлік аймақта Израиль әскері әлі күнге дейін бақылауда ұстап отыр. Дереккөздер Израильдің бұл аймақтан әскерін әкетуге келісуге дайын екенін, алайда сонымен бірге Сирия аумағына қажетті жағдайда соққы беру құқығын сақтауға тырысып жатқанын айтады.
The Jerusalem Post жазғандай, Израильдің Сирияға қатысты риторикасы жұмсарғанына қарамастан, нақты келісімге қол жеткізу мүмкіндігі өте төмен. Аноним шенеуніктердің бірі келісім болған күннің өзінде ол «салқынқанды бейбітшілік» формасында, тек қауіпсіздік саласында шектелген ынтымақтастықпен шектелетінін мәлімдеген.
Израильдің Иранға бағытталған соққыларын уақытша тоқтатуы аясында, Таяу Шығыстағы дипломатиялық кеңею бағыты қайта күн тәртібіне шықты. Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар бұған дейін жасаған мәлімдемесінде, егер Голан жотасы Израильдің бақылауында қалатын болса, Тель-Авив Сирия және Ливанмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге мүдделі екенін айтқан.