Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:29, 29 Шілде 2025

Израиль министрлері “палестиналықтарға зорлықты насихаттады” деп айыпталды

Израиль
Фото: reuters

Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич Нидерланды билігі тарапынан персона нон грата (яғни елге кіруге тыйым салынған тұлғалар) деп жарияланды.

Оларға палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылыққа бірнеше рет арандату әрекеттері үшін айып тағылған. Газа секторындағы Израиль әрекеттеріне байланысты Нидерланды Биньямин Нетаньяху үкіметінің ультраоңшыл екі мүшесіне корольдік аумағына кіруге тыйым салды. Бұл туралы Нидерланды сыртқы істер министрі Каспер Велдкамптың 28 шілде, дүйсенбі күні кешке таратылған парламентке жолдаған хатында жазылған.

Хатта айтылғандай, екі министр де Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы еврей қоныстарын кеңейтуге қолдау білдіреді және Газа секторында этникалық тазалауға шақырады. Сонымен қатар Нидерланды үкіметі Бен-Гвир мен Смотричтің есімдерін Шенген аймағына кіруіне тыйым салынатын шетелдіктердің SIS дерекқорына енгізуге күш салмақ.

Нидерланды сондай-ақ Еуроодақтың Израильді өздерінің ғылыми зерттеу бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін шектеу ұсынысын қолдайды. Бұған қоса, егер Израиль гуманитарлық көмек көлемін ұлғайту жөніндегі Брюссельмен жасалған келісімді бұзды деп танылса, ЕО тарапынан сауда санкцияларын енгізуге шақыратын болады.

Нидерланды СІМ Израильдің елшісін де шақырып, Газа секторындағы «адам төзгісіз және қабылдауға болмайтын» жағдайға байланысты наразылығын білдірмек. Сонымен бірге, Израиль билігіне халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтаудың маңызын еске салады.

Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт шиеленісті. ЕО мен АҚШ-та лаңкестік ұйым деп танылған ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай зымыран шабуылын жасап, оның аумағына басып кіріп, заманауи Израиль тарихындағы жаппай қырғын ұйымдастырды. Салдарынан шамамен 1200 адам қаза тапты, 250-ден астам адам тұтқынға алынып, Газа секторына әкетілді. Кейбір тұтқындар айырбасталды немесе босатылды, бірақ бір бөлігі қаза тапты.

Осы оқиғалардан кейін Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Жерүсті операциялар мен әуе шабуылдарының нәтижесінде ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 59 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, тағы 143 мыңнан астамы жараланды. Алайда бұл статистикада нақты қанша ХАМАС содыры қаза тапқаны немесе ауруханаларда табиғи себептермен көз жұмғандар есепке алынғаны белгісіз.

Гуманитарлық дағдарыстың ушығуына байланысты 27 шілдеде Израиль армиясы сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін тактикалық үзіліс жариялады. Бұл шешім Газа секторына гуманитарлық көмектің көлемін арттыру үшін қабылданған. Үзіліс соңғы уақытта әскери іс-қимыл болмаған аудандарда, соның ішінде Аль-Маваси, Дейр-эль-Балах, және Газа қаласының кейбір бөліктерінде қолданылады. Бұл шешім БҰҰ және халықаралық ұйымдармен келісе отырып қабылданған.