Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху тамақтан уланды

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху тамақтан уланып, енді алдағы үш күн бойы үйінде ем қабылдайды.
Ол мемлекеттік жұмыстарды қашықтан атқарады. Бұл туралы премьер-министр кеңсесі ресми түрде хабарлады.
Мәліметке сәйкес, жексенбіге қараған түні Нетаньяху өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлік тексеру нәтижесінде ішек жолдарында қабыну бары анықталған.
Israelhayom басылымының хабарлауынша, Израиль премьер-министрін Иерусалимдегі «Хадасса Эйн-Керем» ауруханасының ішкі аурулар бөлімінің меңгерушісі, профессор Алон Гершко тексерген.
Ресми ақпарат бойынша, 75 жастағы премьердің улануына сапасы бұзылған тағам себеп болған. Мамандардың айтуынша, саясаткердің өміріне қауіп жоқ, қажетті барлық медициналық шаралар қабылданған.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылдың желтоқсанында Нетаньяху дәл осы медициналық орталықта қуық безіне жасалған отадан сәтті өткен еді. Сол кезде операция премьер-министрге қатысты сот отырыстарының бірін кейінге шегеруге себеп болған. Ол кезеңде премьердің міндетін Израильдің әділет министрі Ярив Левин уақытша атқарған.