Израиль премьер-министрі өлімі туралы қауесетті бейнежазба арқылы жоққа шығарды
Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху интернетте тараған өзінің қаза тапқаны немесе жараланғаны туралы қауесеттерді жоққа шығарып, көмекшісімен кофе ішіп отырған сәті түсірілген бейнежазбаны жариялады.
Бейнежазба Иерусалимнің шетіндегі кафеде түсірілген. Ол Нетаньяхудың X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жарияланған. Кадрда көмекшісі премьер-министрден тараған қауесеттер туралы сұрайды.
אומרים שאני מה? צפו >> pic.twitter.com/ijHPkM3ZHZ
— Benjamin Netanyahu - בנימין נתניהו (@netanyahu) March 15, 2026
Нетаньяху оған иврит тіліндегі "өлді" сөзіне негізделген сөз ойынын пайдаланып жауап береді. Иврит сленгінде бұл сөз кейде «бір нәрсеге қатты әуес болу» мағынасында қолданылады.
"Мен кофені өліп жақсы көремін. Білесіз бе? Мен өз халқымды да өліп жақсы көремін, - дейді Нетаньяху көмекшісіне.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы шабуылдарын бастағаннан бері Нетаньяху кемінде екі зымыран соққысынан зардап шеккен қалаға, бір ауруханаға, портқа және әскери базаларға барған. Алайда бұл сапарларға БАҚ өкілдерінің қатысуы шектелген немесе мүлде рұқсат етілмеген, ал бейнематериалдарды премьер-министрдің кеңсесі өзі таратқан, деп жазады Al-Awsat.
Әдетте сирек сұхбат беретін Нетаньяху өткен аптада қақтығыс басталғалы бері алғаш рет видеобайланыс арқылы баспасөз мәслихатын өткізген.
Сонымен қатар әлемдегі интернет қолданушылары премьер-министрдің бір сөз сөйлеген жазбасынан алынған скриншотты таратып, онда оның қолында алты саусақ бар деп мәлімдеген. Бұл жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелерде жиі кездесетін қателік деп саналады.
Осыған жауап ретінде кафеде түсірілген бейнеде премьер-министр қолын көтеріп, камераға көрсетіп:
— «Саусақтарымның санын санап көргіңіз келе ме?» - деп мысқылмен сұрайды.
Бұған дейін Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи сайланғаннан кейін алғаш рет халыққа үндеу жасаған болатын. Оның мәлімдемесі мемлекеттік телеарна эфирінде оқылып, мәтіні жергілікті БАҚ арқылы да таратылды. Алайда ол камера алдында жеке өзі көрінген жоқ.