Израиль президенті: Палестинаны мойындау тұтқындарға көмектеспейді

Израиль президенті Ицхак Герцог Канада, Аустралия және Ұлыбританияның Палестина мемлекетін ресми түрде мойындау шешімін сынға алды. Оның айтуынша, бұл қадам Таяу Шығыстағы бейбітшілікке де, тұтқындардың босатылуына да ықпал етпейді.
Герцог әлеуметтік желідегі жазбасында:
«Бұл шешім нағыз бейбітшілікті қалағандар үшін қаралы күн болды. Ол бірде-бір палестиналыққа көмектеспейді, бірде-бір тұтқынды босатпайды және израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы келісімге жеткізбейді. Бұл тек зұлым күштерді қанаттандырады», – деді.
Президент сонымен бірге 7 қазандағы қанды оқиғадан кейін ХАМАС әлі де террорлық әрекеттерін жалғастырып, 48 израильдік тұтқынды Газа жерасты туннельдерінде ұстап отырғанын еске салды.
Тұтқындардың туыстары да қарсы
The Times of Israel басылымының жазуынша, тұтқындардың туыстары да Канада, Аустралия және Ұлыбританияның шешімін айыптап, олардың жақындары әлі босатылмай жатып, Палестина мемлекетін мойындау әділетсіз екенін айтты.
21 қыркүйекте Канада, Аустралия және Ұлыбритания Палестинаны «тәуелсіз, егеменді мемлекет» ретінде мойындайтынын жариялады. Осылайша, Канада мен Ұлыбритания – «Үлкен жетілікке» (G7) кіретін алғашқы мемлекеттер болды.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл шешім ХАМАС-қа марапат емес екенін, керісінше, бұл ұйымның болашақта ешқандай рөл атқара алмайтынын айтты. Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезе мен Канада үкіметінің басшысы Марк Карни де осындай ұстаным білдірді.
Сол күні кешке Португалия да Палестинаны мойындады. Елдің сыртқы істер министрі Паулу Ранжел ресми мәлімдеме жасады. Бұған қоса, Франция, Бельгия, Мальта және Люксембург таяудағы уақытта БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Палестинаны мойындайтынын жариялады.
Нетаньяху қатаң жауап берді
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл шешімге жауап ретінде Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы еврей қоныстарын кеңейтетінін және Палестина мемлекетінің құрылуына жол берілмейтінін айтты.
«7 қазандағы қырғыннан кейін Палестинаны мойындағандарға айтарым: сіз террорды марапаттап отырсыз. Бірақ бір нәрсені біліңіздер – бұл болмайды. Палестина мемлекеті Батыс жағалауда құрылмайды», – деді ол.
Нетаньяху бұған дейін де үкімет отырыстарында палестиналық мемлекеттілікті құру Израильдің өмір сүруіне қауіп төндіретінін атап өткен болатын.