Израиль Сана қаласына соққы жасады. 35 адам қаза тапты

10 қыркүйек күні Израиль армиясы Йемен астанасы Сана мен солтүстіктегі әл-Жауф аймағына әуеден соққы берді.
Израиль қорғаныс күштері (IDF) шабуыл«әскери лагерьлерге бағытталды» десе, хуситтер соққы «бейбіт нысандарды көздеді» деп мәлімдеді.
Reuters дерегінше, бұл шабуылдар – Газа соғысы аясында күшейген Израиль мен хуситтер арасындағы өзара соққылар тізбегінің жалғасы. Израиль әскері хуситтердің әскери лагерлері, «насихат департаментінің» штабы мен жанармай қоймасы жойылғанын хабарлады.
«Бұл шабуыл – Израильге қарсы хусит режимі ұйымдастырған шабуылдарға жауап. Сол сәтте дрондар мен зымырандар біздің аумаққа қарай атылған», – делінген Израиль армиясының ресми мәлімдемесінде.
Алайда хуситтер өкілі Израильдің әскери нысандарға соққы жасағанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, «соққылар таза азаматтық нысандарға тиген», екі газет редакциясы зардап шеккен, журналистер мен бейбіт тұрғындар қаза тапқан. Бірақ нақты деректер жарияланған жоқ.
Сана тұрғындарының айтуынша, соққы таулардың арасындағы командалық орталық ретінде пайдаланылатын орынға бағытталған. Куәгерлер Израильдің хуситтердің Қорғаныс министрлігін де нысанаға алғанын жеткізді.
Хуситтердің Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімет таратты: шабуыл салдарынан 35 адам қаза тапқан, 131 адам жараланған.
Иран қолдайтын хуситтер кейінгі жылдары Қызыл теңіздегі кемелерге және Израильге бағытталған шабуылдарын күшейтті. Олар мұны «Газадағы палестиналықтармен бірліктің белгісі» деп түсіндіреді. Өз кезегінде Израиль Йемендегі хуситтер бақылауындағы аумақтарға, соның ішінде стратегиялық Ходейда портына соққылар жасап келеді.