Израиль Сирияның оңтүстігіндегі Талль әл-Ахмер аймағына соққы берді
Израиль армиясы Сирияның оңтүстігіндегі Эль-Кунейтра провинциясына қарасты Талль әл-Ахмер аш-Шарки ауданын атқылады.
Бұл туралы Anadolu Ajansı хабарлады.
Агенттік мәліметінше, әзірге қаза тапқандар немесе материалдық шығын туралы ақпарат түскен жоқ.
Сирияның мемлекеттік Аль-Ихбария телеарнасының хабарлауынша, Израиль күштері аталған ауданға пулеметтен оқ жаудырған. Алайда шабуылдан кейін де ресми түрде адам шығыны немесе инфрақұрылымға келген залал туралы мәлімдеме жасалған жоқ.
Ресми Дамаск бұл әрекеттерді қатаң сынға алып, Израильдің Эль-Кунейтра мен Дераа аймақтарындағы ауылдық елді мекендерге жасаған рейдтері мен бейбіт тұрғындарға бағытталған шабуылдарын 1974 жылы қол қойылған «Күштерді ажырату туралы келісімді» өрескел бұзу деп бағалады.
Бұған дейін Сирия президенті Ахмед Шараа жасаған мәлімдемеге сәйкес, 2024 жылғы 8 желтоқсан мен 2025 жылғы 18 шілде аралығында Израиль армиясы Сирия аумағында 1000-нан астам әуе соққысын жасап, шамамен 400 жерүсті рейдін жүзеге асырған.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль әскерінің Сирияның оңтүстігіне қайтадан басып кіргені жөнінде де ақпарат тараған болатын.