Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Израиль соққысынан ХАМАС өкілі Абу Убайда қаза тапты

абу убайда
Фото: ашық дереккөз

Израиль әскерилері ХАМАС-тың «Иззаддин әл-Қассам бригадалары» атты әскери қанатының ресми өкілі Абу Убайданы өлтіргенін хабарлады. Ол шамамен жиырма жыл бойы ұйым атынан мәлімдеме жасап келген.

Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл операцияны «мінсіз» деп атап, әскер мен барлау қызметін құттықтады. Әскерилердің айтуынша, соққы сенбі күні Газа қаласының әл-Римал ауданындағы алты қабатты тұрғын үйге жасалған. Нысана ретінде Абу Убайда болған.

Операцияға қатысқан ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) мен Шин-Бет арнайы қызметінің ортақ хабарламасында соққы «жоғары дәлдікпен, бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеу шараларын қолдана отырып жасалғаны» айтылды. Бес зымыран екі бағыттан ұшып, ғимараттың екінші және үшінші қабаттарын қиратқан.

Куәгерлердің айтуынша, соққыдан кейін пәтерден стоматология клиникасы ретінде пайдаланылған орын мен үлкен көлемдегі ақша ауаға шашылып кеткен. Ақшаны тұрғындар жинап әкеткенімен, кейін ХАМАС қайтарып алған.

ХАМАС реакциясы

ХАМАС әзірге Абу Убайданың қазасын ресми растаған жоқ. Бірақ ұйым Израильдің Газа тұрғын үй кешеніне жасаған шабуылы салдарынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқанын және жараланғанын мәлімдеді. Жергілікті журналистердің дерегінше, кемінде жеті адам мерт болып, 20-дан астамы, соның ішінде балалар жарақат алған.

Абу Убайда (шын аты – Хутайфа әл-Кахлут) әрдайым бетпердемен шығып, Израиль мен оккупацияға қарсы өткір сөздерімен танылған. Ол ХАМАС әскери қанатының ең танымал өкілдерінің бірі болып, Таяу Шығыстағы жақтастары арасында үлкен беделге ие еді.

Оның қазасы ұйым үшін символдық тұрғыда ауыр соққы саналады. Жұма күні жарияланған соңғы үндеуінде ол «қолда қалған израильдік тұтқындардың тағдыры ХАМАС жауынгерлерінің тағдырымен бірдей болады» деп мәлімдеп, Израильді Газаға жоспарланған басқыншылықтың салдары туралы ескерткен еді.

Айта кетейік, Израильдің Газа секторындағы әскери операциясы 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС ұйымдастырған шабуылға жауап ретінде басталған. Ол шабуылда шамамен 1200 адам қаза тапқан, 251 адам тұтқынға алынған.

Сол уақыттан бері Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 63 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Қазір Газа қаласындағы үйлердің 90%-дан астамы қираған немесе бүлінген, денсаулық сақтау, су және санитарлық жүйелер істен шыққан. Өткен аптада аймақта ашаршылық ресми түрде тіркелді.

Израиль билігі Газа қаласына құрлық әскерін кіргізер алдында тұрғындарды түгелдей эвакуациялау жоспарын қарастырып жатыр.