Израиль Тегеранға жаппай соққы бере бастағанын мәлімдеді
Израиль армиясы Иран астанасы Тегерандағы нысандарға ауқымды әуе соққыларын бастағанын хабарлады.
Израиль қорғаныс армиясының мәлімдеуінше, әскери күштер «Иран режимінің инфрақұрылымына» қарсы кең көлемді шабуыл операциясын жүргізіп жатыр. Әзірге соққылардың нақты қандай нысандарға бағытталғаны туралы толық ақпарат берілген жоқ.
Сонымен қатар Иранның мемлекеттік телеарнасы Тегеранда бірнеше жарылыстың болғанын хабарлады.
Израиль армиясы бас штабының жетекшісі Эяль Замир ел әскері Иранға қарсы операцияның келесі кезеңіне өткенін мәлімдеді.
Бұған дейін Еуропалық одақ пен Парсы шығанағы елдері Иран шабуылдарын айыптап, тараптарды қақтығысты ушықтырмауға шақырған болатын.
Еске салайық, 28 ақпанда Израиль АҚШ қолдауымен Иранға қарсы әскери операция бастағанын жариялаған еді. Осылайша Таяу Шығыстағы шиеленіс жаңа кезеңге өтті.