Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:20

Израильдің Газаға жасалған әуе шабуылдарынан 40, Ливанда 5 адам қаза тапты

Газа
Фото: ашық дереккөз

Израиль әскері кейінгі тәулікте Газа секторына және Ливанға әуе соққыларын күшейтті. Соның салдарынан бір түн ішінде Газада кемінде 40 адам, ал Ливанда 5 адам қаза тапты. Құрбандар арасында әйелдер мен балалар бар.

The Guardian басылымының мәліметінше, Газаның оңтүстігіндегі тұрғын үй ғимараттарының біріне жасалған әуе соққысынан кемінде 14 адам мерт болды. Ал-Авда ауруханасы Бурейж босқындар лагеріне жасалған шабуыл кезінде тағы 8 палестиналықтың қаза тапқанын хабарлады.

Израиль армиясы соңғы күндері Газадағы биік ғимараттарды жаппай нысанаға алып, қаланы толық бақылауға алу операциясын бастағанын мәлімдеді. Әскерилер гуманитарлық қызметкерлерге тек ауруханаларға шабуыл жасалмайтынын айтқанымен, қаладағы 1 миллионға жуық тұрғынға қаладан кетуге кеңес берілген.

БҰҰ дерегіне сүйенсек, тамыздың соңынан бері Газадан 500 мыңнан астам палестиналық босып кеткен. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты көптеген тұрғындар «гуманитарлық аймақ» деп жарияланған оңтүстікке жете алмай, қалада қалып отыр.

Ливандағы жағдай

Израиль дрондар Ливанның оңтүстігіндегі Бинт Джубайль қаласына соққы берді. Нәтижесінде бір әулеттің төрт мүшесі – әке мен үш бала қаза тапты, анасы жараланды. Жергілікті билік қаза тапқандардың АҚШ азаматтығына ие екенін мәлімдеді.

Ливан президенті Жозеф Аун бұл әрекетті қатаң айыптап, оны Израиль мен «Хезболла» арасындағы бітімді бұзу деп атады. 

Ливан армиясының дерегінше, өткен қарашада бітім жасалғанына қарамастан, Израиль осы уақытқа дейін ел аумағына 4 500-ден астам соққы жасаған.

Аустралия, Канада, Ұлыбритания және Португалия 21 қыркүйекте Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады. Жақын арада басқа мемлекеттердің де осындай қадамға баруы болжанған.

Батыс елдері Израильден Газаға шабуылдарды тоқтатуды талап етуде. Алайда премьер-министр Биньямин Нетаньяху бұл шешімге ашу-ызамен жауап беріп, Батыс елдерін «ХАМАС-ты марапаттауда» деп айыптады.

Кейінгі 23 айда Израиль шабуылдарының салдарынан Газа секторында 65 мыңнан астам адам қаза тапты, ал аймақтың басым бөлігі қираған.

Тегтер: