«JASYL EL»: қаланы көркейте ме?!
Алматы секілді мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасақтарындағы белсенділер саны жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады.
Мысалы, өткен жылы 14 пен 35 жас аралығындағы 1900 жас уақытша маусымдық жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» – мектеп жастары, студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыруға, республика бойынша орман алқаптарын құруға, сол арқылы Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жоба. Жоба Алматы қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек.
Алматы қаласының «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Зухра Иманбаева:
— Әлемдегі жаһандық экологиялық жағдай күрделене түсуде, қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзекті болып қалуда. Сондай-ақ «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» жоспары бекітілді. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – жыл сайын кемінде 10 000 жасты жұмыспен қамту боып табылады, – дейді.
Жасақ құрамында экологиялық құқық бұзушылық фактілерін анықтайтын экопатрульдер де жасақталған. «Жасыл ел» жобасының экопатрулі Мұратхан Тауасар:
— Негізінен, «Жасыл ел» ұйымының жастары қаланы көгалдандырумен қатар балалар мен қарттар үйлерінде, ардагерлер үйлерінде экологиялық семинарлар мен тренингтерге, қалалық және республикалық сенбіліктер мен экологиялық акцияларға белсене қатысады. Жоба қатысушыларға көптеген жеңілдіктер береді. Жастар бір-бірін танып, қаламыздың көркеюіне үлес қосуда, – дейді.
«JASYL EL» жобасына кімдер қатыса алады?
14 пен 35 жас аралығындағы алматылық жастар «JASYL EL» еңбек жасақтары қатарына қосыла алады.
Жастар бір айлық жұмысы үшін «таза» 54 мың теңге алады.
Кәмелетке толмаған бала жұмысқа тұру үшін ата-анасының рұқсатын алуы керек, жасақтағы әрбір «Жасыл ел» ұйымының мүшесімен олар жұмыс уақытына еңбек шартын жасайды (маусымнан тамызға дейін жұмыс істейтін болады). Жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттар пакеті де көп емес, жеке куәлік пен жалақы есептелетін «Қазпоштаның» ағымдағы шоты.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жасыл қозғалысы 2005 жылы құрылып, Қазақстанның көптеген жігерлі және қамқор жастарын біріктірді. Бүгінгі күні «Жасыл ел» штабы республиканың барлық аймақтарында жұмыс істейді. Бір ғана Алматы қаласының өзінде бағдарлама аясында мыңдаған жас жазғы маусымға жұмысқа орналасты. Жобаның басты мақсаты – аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру. Яғни Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға, жастардың бойында отансүйгіштік пен туған жердің байлығына ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған жұмыстар. Бірақ «Жасыл ел» жұмыс қана емес, сонымен бірге бос уақытын бірге өткізетін команда құру мүмкіндігі. «Жасыл ел» жасағына қабылдау ашық. Ендеше, қаламыздың әрбір жас тұрғыны туған жерін көгалдандыру мен көркейтуіне өз үлесін қосуға мүмкіндігі бар.