Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:20, 15 Желтоқсан 2024

Қабай: Абайтану ғылымына бір кірпіш болып қаланғаныма қуанам

Қабай

Абай мұрасы осы уақытқа дейін әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Жекелей кітап болып басылды. Сондай-ақ шет елдерде абайтануға қатысты іргелі зерттеулер де жасалды.

 Осындай сүбелі еңбектердің бірі «Абай және Абайтану ғылымы» деп аталады. Ғылыми монография 2019 жылы қытай тілінде жарық көрді. Авторы Абай мұрасын қытай тіліне алғашқылардың бірі болып аударған сібе ұлтының (қытайда өмір сүретін тұңғұс-манжур тілдес ұлт) зерттеуші, ғалымы – Қабай. Біз бүгін оқырманға әдебиетші, ғалым Өміржан Сейсенқұлұлының Бейжіңде тұратын абайтанушы ғалыммен өткізген сұхбатын ұсынуды жөн көрдік.

«Абай және Абайтану ғылымы» кітабы 2019 жылы Қытайдың «Халықаралық радио» баспасынан жарық көрді (ғылыми монографияны Бау Дүн есімді сібе жазушысы қазақ тіліне аударды, жақында Бейжіңдегі «Орталық ұлттар» баспасынан төте жазу қарпінде басылмақшы). Кітап 2 бөлімге бөлінген. Онда негізінен Абайдың өмір тарихы. Абай шығармалары және оған берілген бағалар, Абай ғылымының қалыптасуы, абайтанудың мәселелері сынды мазмұндар қамтылған. Бұл – Қабай ақсақалдың ұзақ жылдық Абай шығармаларын аудару барысындағы зерттеулері мен ой түйіндері жинақталған монография. Кітапты бастан-аяқ оқып шыққасын шығармаға қатысты сұрақтарымды реттеп, ақсақалға хабарластым, телефонды күтушісі қабылдады, бұйымтайымды айтқасын ақсақал өзі хабарласып, «ертең үйге кел» деді.

Бейжіңде бір күнде бір жұмыс бітсе – олжа. Тұрғылықты тұрғындары мен келіп кететін жұртшылықты қосып есептегенде, күніне 30 миллион адам ағылатын үлкен шаһарда бір жерден екінші жерге бару – айтарға болмаса, оңай шаруа емес. Ертерек қозғалсақ та, қала орталығындағы кейіпкеріміздің үйіне сәл кешігіп жеттік. Бірақ ақсақал қабақ шытпай, жылы қарсы алды. Қабай ақсақал біз келеді деп күтушісіне әдейілеп қазақы ас әзірлетіпті. Дастарқан толы бауырсақ, ортаға палау әкелінді. Мұны көріп, ауылға келгендей күй кешіп, ақсақалдың көңіліне риза болдық.

1
Фото: Автордың жеке мұрағаты

Қабай ақсақалдың жасы биыл 96-да. Алайда денсаулығы тың, көңілі сергек, әңгімесі байыпты. Ары қарай ақсақалмен әңгімеміз былай өрбіді.

– Сізді қазақ оқырмандары Абай шығармашылығын алғашқылардың бірі болып қытай тіліне аударған, насихаттаушы ретінде таниды. Алайда өмір жолыңыз, тағдырыңыз туралы білеріміз аз. Әуелі әңгімені осыдан бастасақ. Азан шақырып қойған атыңыз Қабай ма?

– Жоқ балам, менің сібеше атым – Катұри, қытайша атым – Ха Хуанжаң, жастайымнан қазақ арасында өстім, қазақтар өз тілінің үндесуіне сәйкес Қадырбай атап кетті. Кейін Шәуешекте оқып жүргенімде қабырға газетінде жариялаған мақаламның астына қазақша атымның бас әрпі және соңғы буындарын алып, Қабай деп қалам ат, бүркеншік есім қойдым. Сөйтіп, бұл есім кейінгі тұтас өмірімдегі әдеби атым болып кетті.

– Абайды қытай тілінде сөйлетіп, қытайға алғашқы таныстырған аудармашысыз, қазірге дейін Абайдың қанша шығармасын аудардыңыз?

– Абайдың «Ескендір» поэмасын алғаш 1954 жылы тәржімалап, «Аударма» журналында басылым көрді. Одан бұрын Абай шығармаларының қытай тіліне аударылғанын көрген емеспін. 1958 жылы «Қазақтың ұлы ақыны Абай» деген зерттеу мақалам «Тянь-Шань» журналының 8 санында жарияланды. Содан кейін Абайдың 3 поэмасын қамтыған «Абай дастандары» (1958 жылы, Халық әдебиеті баспасы), «Абайдың таңдамалы шығармалары» (1982 жылы, Шыңжаң халық баспасы), «Абайдың қара сөздері» (1984 жылы, Шыңжаң Халық баспасы), «Абай және Абай шығармалары» (1987 жылы, Ұлттар баспасы), сондай-ақ 1547 беттен тұратын «Абай жолы» романы (2004 жылы, Ұлттар баспасы) сияқты ғылыми еңбектерім мен аударма кітаптарым қытай тілінде басылып, жарияланып, қалың қытай оқырманымен жүздесті.

Абай мұрасына жалғас қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» 4 томдық эпопеясын аударып, баспадан шығардым. Қорыта айтқанда, Абайдың барлық 167 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзін қытай тіліне аударып, жарияладым. Бұл Абай мұраларының қытайдағы ең толық аудармасы саналады.

– Аударма үлкен жасампаздық, ана тіліңізден басқа екінші бір тілді үшінші тілге аудардыңыз, сізше Абайдың шығармалары толық аударылып болды ма? Аудармаңызға деген өз ойыңыз қалай?

– Менің аудармам Абай шығармаларының әуелгі нұсқасындағы әдеби биіктік пен дәлдікке дөп түсіп, Абай шығармаларындағы әдеби бояуды оқырмандарға өз нәрімен жеткіздім деп айта алмаймын, Абай шығармалары өте терең, ондағы көркемдік, терең ой үздіксіз зерттеуді қажет етеді. Бұған аудармаға төселген, қос тілде сөздік қоры мол маман аудармашылардың ұзақ уақыт тер төгуі қажет деп ойлаймын. Мен өз қабілет-қарымымның жеткенінше өмір бойы Абай шығармаларының аударылуы мен зерттелуіне еңбектеніп келемін. Абай шығармалары әлі де ізденуді қажет етеді. Акбар Мәжитұлы, Хуаң Жұңшияң қатарлы жазушы, аудармашылар Абайдың шығармасын аударды және қазір де аударып, қытай оқырмандарына жаңа бір қырынан таныстырып жатыр. Бұл – мақтауға татырлық еңбек. Мен осындай Абай шығармаларын зерттеп, аудару жұмысын жасайтын болашақ ұрпақтың көбеюін үміт етемін.

– «Абай және Абайтану ғылымы» атты Абайды зерттеу еңбектеріңіз жинақталған монографияңыз туралы не айтасыз?

– Кітапты оқып шыққан оқырман мынаны біледі: Мұхтар Әуезовтің мақалалар жинағы «Абай Құнанбаев», ғұмырнамалық тарихи роман «Абай жолы» Абай ғылымына негізделген еді. Мен зейнетке шыққан соң «Абай жолын» аударуды қолға алғанмын. Аударма нұсқасын баспаға тапсырған соң Мұхтардың зерттеу еңбектерінің толық жинағына аудармашы болдым. Бірақ мұның барлығы кесек еңбектер, жұмыс салмағы да жеңіл болған жоқ. Сонымен, Абайдың өмірін және аудармашылығын терең түсіндіретін Мұхтар еңбектерін негізгі мазмұн еткен осы кітапты жазуға бекіндім. Анығында, бұл да ауыр жұмыс еді. Кітапты жазып орталағанда мен екіұдай күй кештім. Тіпті қаламды доғарып: «Әр қандай мосқал тартқан қарт, зерттеушінің шығармашылық жолында «әттеген-ай» дейтін тұстары ұшырасатыны анық. Менің бұл жазып жатқан еңбегім де сол «әттеген-ай» күйінде қалса қайтеді, жазуды осы жерден тоқтатсам ба екен» деп ойладым. Сосын бұл ойымды үлкен немерем Қа Бичінге айттым. Алайда ол: «Әттеген-ай қарттың әл-дәрмені қалмағандағы аһ ұрғаны. Сіз ондай емессіз, сондықтан жазып болуға аз қалған кітабыңызды орта жолда тастап кету жақсы болмас» деді. Оның осы бір ауыз сөзі менің қолыма қайтадан қалам алуыма себеп болып, тоқтап қалған шығарманы ары қарай жалғастырдым.

Немеремнің бұл пікірін қабылдауымның тағы бір себебі – күндіз-түні жүрегімді тербеген қазақ ақыны Абайға құрметім еді. Ал алаңдауымның себебі – Абайдың философиялық тәрбиелік мәнге ие өлеңдерінде және аудармаларында өзі белгілеген «алтынмен аптап, күміспен күптегендей» жоғары өлшем менің аударуыммен оқырманға жетпей қала ма деген ой болатын. Негізі менің аудармаларымды Абаймен танысу шұғыл қажеттілер талдап оқыса болады деп ойлаймын. Ертеректе Абайды оқырманға таныстыру үшін жасалған аудармалар. Ал қытай, қазақ тілін жатық білетін қос тілді аудармашылар аз емес. Олардың сапалы аудармасы, абайтануға қатысты кемелді еңбектері Абай ғылымының дамуына үлес қосатындығына сенемін.

Қытайда абайтану мәселелері айтарлықтай дамып келеді. Абайды насихаттау да көңіл қуантарлықтай. Мысалы, Бейжің қаласының Чау Иияң саябағында Абай мүсіні орнатылды. Сондай-ақ жыл сайын Абай өлеңдерін оқу, мәнерлеп айту оқулары өткізіледі. Кейбір жоғары оқу орындарында абайтану талдап оқитын сабаққа енгізілген. Менің еңбегім Қытайдағы абайтану ісіне тамшыдай үлес болып қосылса, қуанар едім.

– «Бар өмірімді Абайға арнадым» деп өзіңіз айтқандай, шынымен де тұтас ғұмырыңызды Абайды зерттеуге арнаған ғалымсыз, қазірге дейін қандай марапаттарға ие болдыңыз?

Менің өмірімдегі ең үлкен табысым – Абай сынды ғұлама ұлы адамды елімізге таныстырып, Абайдың шығармаларын қытай оқырмандарға жеткізу. Әлемдік мәнге ие мәдени құрылысқа бір кірпіш қаласқаным болып саналады, бұған ерекше қуаныштымын. Ал марапаттарға тоқталсам, «Абай және оның өлеңдері» 1979-1989 жылдар аралығында қытайдағы аз ұлттар әдебиетін зерттеу бойынша «Көрнекті кітап» сыйлығын жеңіп алды. 1993 жылы Қазақстан Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай әдебиет және өнер сыйлығын жариялады. «Абай өлеңдерінің толық жинағы» 1994 жылы осы сыйлықты еншіледі. «Абай зерттеу жинағы» кітабына 1997 жылы мемлекеттік этникалық істер комиссиясы мен Қытай жазушыларының қауымдастығы «Тұлпар әдебиет сыйлығының» атағын берді. 2002 жылы Қытай аудармашылар қауымдастығының шешімімен «аға аудармашы» атағы берілді.

2020 жылдың тамыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға, достық қарым-қатынасты және Абай мұрасын насихаттауға қосқан үлесіміз үшін Акбар Мәжитұлы екеумізді Қазақстанның екінші дәрежелі «Достық» медалімен марапаттады. 10 қазанда Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде марапаттау рәсімі өтіп, Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Хабит Койшыбаев медаль табыстады.

– Кейінгі жастарға не айтар едіңіз?

– Абайдың:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан.

Немесе:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, –

деген өлеңін өзіме өмірлік ұстаным еттім, осы ақлияны жастарға ұсынғым келеді, үздіксіз адал еңбек етіп, халық үшін қалтқысыз еңбек жасасаң, кейінгі өмір сапарыңда артыңа қарап, істеген адал еңбегіңнен мақтаныш сезінесің.

Жарты күн ақсақалдың әңгімесі мен ыстық ықыласына әбден бөленген соң Қабай ақсақал қазақи жөн-жоралғымен үйінен ұзатып салды. Ғасырға жуық өмірдің ащы-тұщысын көріп, Абайдай ұлы ойшыл ақынның шығармасын қытай оқырмандарына танытқан ақсақалдың қолынан дәм татып, әңгімесін есту, батасын алу да ғанибет емес пе?! Біз де ақсақалға іштей денсаулық, бақыт тіледік.

Сұхбаттасқан

Өміржан СЕЙСЕНҚҰЛҰЛЫ

Тегтер: