Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Кабинеті «азап вагоны» болған Қожамжаровқа да кезек келді ме?

Татубаев, Қожамжаров, Кексель
Фото: Жас Алаш коллаж

Бас прокурор болған, қаржы полициясын басқарған Қайрат Қожамжаровтың «Қорғас ісіне» қатысы бары бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Кейінгі кезде оның айналасындағы дау тағы да өрши түсті.

Жақында Қожамжаровтың оң қолы саналатын Талғат Татубаев пен Олеся Кексель азаптау бабы бойынша күдікті ретінде ұсталды. Бұған дейін наурызда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қожамжаровтарға қатысты компанияның заңсыздықтарын анықтады. Бұл оқиғалар «екі жылдан бері еліміздің саяси сахнасында көрінбей кеткен Қожамжаровқа да кезек келіп қалды ма» деген сұрақты қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Бұрынғы Қаржы полициясы жетекшісі Талғат Татубаев пен арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельді Кожамжаровтың командасындағы сенімді тергеушілер деп есептейтіндер көп еді. Кожамжаровтың кезіндегі көптеген резонансты істер осы екі азаматтың қолында болған. Кейінгі он жылда осы жоғары лауазымды тұлғалардың тапсырмасы бойынша саяси шенділерге қатысты істер жүргізіліп келді. Ендігі айыптауларға қарағанда, сол іс-шараларда әділетсіздік пен заңға қайшы амалдар жүрді деген күдік туып отыр.

Татубаев пен Кексель «пешка» ма?

Талғат Татубаев – бұрынғы мемлекеттік қызметкер, ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроның басшысы. Антикорда 2018 жылдың маусым айына дейін қызмет етті. 2018 жылдың шілде айынан 2019 жылдың мамырына дейін Татубаев ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің басшысы болған. 2020 жылдан 2022 жылдың наурызына дейін ҚР Әділет министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. 3 шілдеде ол «азаптау бабы» бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды. Сол жаңалықтан бір күн бұрын прокуратура органдары Кексельді де осы баппен айыпты деп танығанын хабарлады.

Олеся Кексель 2018 жылы арнайы прокурорлар қызметін басқарды. Ол бірнеше аты шулы істі қадағалаған. Атап айтқанда, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовке, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармация комитетінің уақытша басшысы Лариса Пакқа қатысты аты шулы сыбайлас жемқорлық істері бойынша тергеу топтарын басқарған. Бұған дейін оның есімі 2019 жылы азаптау бабы бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеу аясында аталды. Кәсіпкер Ерлан Нәбиев оны қысым көрсетті деп айыптады. Сол кезде сенат депутаты болып отырған бұрынғы басшысы Қожамжаров бұл істің бәрін жалған деп мәлімдеді. Кейіннен айыптауда «қылмыс құрамы жоқ» деп іс жабылды. Дәл сол уақытта әлеуметтік желілерде Кексельдің біржола шетелге кеткені туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметті Бас прокуратура жоққа шығарды.

Бейресми дерек бойынша қазір тергеуге алынған тағы бір адам – Қожамжаровтың бұрынғы командаласы, Қаржы полициясы тергеу департаментінің бұрынғы бастығы Бауыржан Мужиков. Ол туралы ашық дерек аз, тек қазіргі «азаптау істері» аясында ұсталғандардың қатарында бар деп айтылады.

Қорғас ісі: азаптау, куәгер өлімі, 19 млн долларлық пара

Көпшілік «Қорғас ісі» – 2012 жылы Алматы облысында кеден жұмысшысы Медет Жамашевтің белгісіз жағдайда қаза тапқан даулы оқиғаны біледі. Кейінгі жылдары осы іске қатысты бұрмаланған тергеу бары белгілі бола бастады. Әсіресе осы істе Талғат Қарабаевтың сотта берген жауабы қоғамды шулатты. Ол 2024 жылдың мамырында сотта ішкі істер жүйесінің «кассирі» арқылы 1 жыл 10 айдың ішінде жалпы 19–22 миллион доллар пара берілгенін мәлімдеді. Яғни кеден қызметкерлерінің аса маңызды өтініштерін «Қорғас» пен «Қалжат» өткізу пункттерінен заңсыз өткізу үшін ортақ қылмыстық топ Финпол басшылығына 19 миллион доллардан астам төлем жасағаны анықталды.

Бұдан бөлек, аталған істе сотты болып ақталған судья Тихонов «Қорғас куәгерлерінің өлтірілуіне Қожамжаровтың адамдары қатысқанын» айтқан. Ал 2023 жылы желтоқсанда Қожамжаровтың қарамағында жұмыс істеген Ұлан Мәдиев пен Мақсат Дүйсеновке қатысты «азаптау» қылмысы бойынша іс қозғалды. Биыл маусымда Талғат Әбдірахманов кінәсін мойындаған жалғыз айыпталушы ретінде төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал оның бұрынғы әріптестері Қасым Әбубәкіров пен Бекболат Мейрамбеков үш жылға сотталса, арнайы департаменттің экс-басшысы Ұлан Мәдиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу барысында күдіктілердің қыздарға жасалған зорлық әрекеттері де анықталған. Бұл істе Қожамжаровтың кезінде мансаптары өрлеген бірнеше тұлғаның, оның ішінде Талғат Татубаев, Ұлан Мәдиев, Мақсат Дүйсенов пен Сергей Потаниннің аты аталды. Олар контрабандалық сызбалардан табыс көрген тұлғалар ретінде сипатталады. Ал бұған дейін қаржы полициясының өкілі Талғат Махатов «Бетон» лақап атымен танылып, кеденші Жамашевті өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 20 жылға сотталғаны, «хуторлықтар» ОПГ мүшесі саналатын Ержан Қасымбаевтың 15 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі.

Бірақ Қожамжаровтың өзі қазір «Қорғас ісі» бойынша тек сырттай аты аталғанымен, ресми жауапкершілікке тартылған жоқ.

Медведевтің курстасы Ресейге арқа сүйей ме?

Қайрат Қожамжаровтың басында қауіп бұлты бірнеше рет қоюланғанымен, ол үнемі судан құрғақ шығып кете береді. «Қорғас ісі» – соның айқын мысалы. Оның қол сұғылмайтын мәртебесіне қатысты телеграм-арналар да жиі жазып жүр. Сол ақпараттарға қарағанда, Қожамжаров Қазақстан саяси элитасы туралы кезінде Рахат Әлиевтің өзі жинамаған компромат жинаған. Осы құпия ақпараттардың арқасында ол өзіне қарсы қозғалған кез келген істен оңай құтылып кетеді деген болжам бар. Сонымен қатар бұл мәселеде ресейлік фактор да аталады. Кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, Қожамжаровты Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің өзі қолдайды. Себебі Қожамжаров пен Медведев Ленинград мемлекеттік университетінің заң факультетінде бірге оқыған курстас. Осы деректерге қарап отырып, Қожамжаров қаншама даулы істерге қатысы бар делінсе де, айналасындағы ең сенімді адамдары жаппай ұсталып, сот үкімдері шығып жатса да, өзі үнемі жауапкершіліктен тыс қалып келе жатқанының себебін ұққандай боласың.

Кожамжаровтың заңға қайшы әрекеттерге неше түрлі жолмен қатыстылығы жоғарыда аталған оқиғалармен тығыз сабақтас. Атап айтқанда, 2025 жылы 8 шілдеде Алматыда «Қожамжаровтың кабинетінде азапталған» азаматтарға қатысты оқиға сотта расталды. Сот үкімінде 2011 жылғы 14 маусымда Қайрат Қайырбаевтың басына қап кигізіліп, белгісіз ғимаратқа жеткізілгені айтылған. Қапты шешкен соң ол Қожамжаров, Мәдиев және Татубаев отырған кабинетте отырғанын көрген. Қожамжаров сол жерде Назарбаевтың портретін көрсетіп, өз әрекетін оның тапсырмасымен жасап жатқанын айтып, Жақаев пен басқа тұлғаларға қарсы мойындау көрсетпелерін талап еткен. Сондай-ақ ол Қайырбаевқа көмек болмайтынын ескерткен. Кейін Қайырбаевты басқа кабинетке апарып, белгісіз бір адам қызының фотосын көрсетіп, егер мойындамаса, қызына қауіп төнетінін айтып қорқытқан. Осыдан соң Қайырбаев Қаржы полициясы ғимаратының жертөлесіне қайта жеткізілген. Бұл деректер Кожамжаровтың бұрынғы қол астындағыларға қатысты шығарылған үкімде жазылған.

Қожамжаровтардың компаниялары

Ортақ тергеулер Кожамжаровтың айналасындағылар ғана емес, туыс-туғандары да етене қатысы бар істерді қарастырып жатқаны анықталды. Шымкент қаласы прокуратурасының ақпараты бойынша 2024 жылы оларға тиесілі «Шымкент мұнай-химия зауыты» маңындағы үш жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бұл жерлерді бұрын HILL Invest ЖШС деген кәсіпорын пайдаланып келген. Кейіннен жергілікті БАҚ оның Қайрат Қожамжаровтың отбасы иелік ететін HILL Invest компаниясына тиесілі болғанын анықтады. 2012 жылы Сайрам ауданының әкімдігі HILL Invest компаниясына 59,3 гектар жерді ауылшаруашылығы мақсатында уақытша пайдалану үшін бір жылға жалға берген. Бұл кезде Қайрат Қожамжаров Ақмола облысының әкімі қызметін атқарып жүрген. Бір жылдан кейін, 2013 жылы жердің 54,4 гектарының мақсатты пайдалануы өзгертіліп, ол май және мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт салу үшін жекеменшікке берілді. Бірақ бұл аумақта зауыт салынбаған. Аталған жобада Қожамжаровтың інілері – Қуат пен Дулат Қожамжаровтар да атсалысқан (Қуат – HILL Invest басшысы). 2014 жылы HILL Corporation компаниясы HILL Invest-тің құрылтайшыларының бірі болды. Бұл уақытта Қайрат Қожамжаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған еді. 2015 жылы Шымкент әкімдігі 8,4 гектар жерді HILL Invest-ке сатып, тағы екі жер телімін (4,15 га және 41,8 га) 10 жылға жалға береді. Бұл шешімдер сол кездегі қала әкімі Дархан Сатыбалдының кезінде қабылданған. 2024 жылы Шымкент жер инспекциясы тексеру жүргізіп, бұл жер телімдерінің Жер кодексі нормаларын бұза отырып берілгенін анықтады. Нақты айтқанда, жер конкурссыз берілген. Нәтижесінде, сот 2023 жылдың желтоқсанында барлық шартты жарамсыз деп таныды.

Жалпы Қожамжаровтардың ішінде Дулат Қожамжаров (Forbes Kazakhstan-ның 2024 жылғы рейтингінде 57-орыннан көрінген. Былтырғы байлығы 110 млн долларға бағаланған) бірнеше компанияның құрылтайшысы, HILL-Import және Invest Joint Company компанияларының иесі. Бұл компаниялар мұнай, жанармай өнеркәсібі мен логистика саласына қатысты, мемлекеттік тапсырыстар мен ірі келісімдер жүргізген. Соның бірі – биыл 28 наурызда жарияланған тергеу нәтижесіне сәйкес, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы — «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» компаниясы HILL Corporation компаниясымен заңсыз әрекет жасағанын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтады. Заңсыздық бойынша екі тарап мотор майларын сатып алу кезінде (12 млрд теңге) мемлекеттік мүддені емес, нақты бір компанияның пайдасын көздеген. Тергеу нәтижесінде локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу байқаулары HILL Corporation мүддесіне сай ұйымдастырылғаны, ал өзге жеткізушілер тендерден шеттетілгені белгілі болды.

P.S. Бірқатар сарапшылар қазіргі қозғалып жатқан істерді – Татубаев пен Кексельдің тұтқындалуы, Махатов пен Мәдиевке қатысты үкімдер, тергеу хаттамаларындағы Қожамжаровтың аты – тергеушілердің бұрынғы бас прокурордың өзіне дейін жетуді көздеген алғашқы әрекеттері деп бағалайды. Көпшілік арасында қазір «Қожамжаровтың кім екенін өзіне адал болған қызметкерлердің куәлігі арқылы біле аламыз ба» деген сауал жиі айтылып жатыр. Себебі өзін жетелеп апарып «үлкен кісіге» таныстырған Мәсімов түрмеде отыр, шенеуніктердің кез келген «еркелігін» кешіріп жібере салатын Назарбаевтың қарапайым «пенсионер» атанғанына да біраз уақыт болды. 

Тұрсынбек БАШАР