Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Қабырғалар сөйлегенде (әңгіме)

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Мына бір аудан күннен күнге көркейіп, дамып келе жатқанын көріп қызықпаған қонақ жоқ шығар. Райымбек көшесімен зуылдап кетіп бара жатып, әуелі малдас құрып отырған абыздардай Алатау шыңдарына, сонсоң барып етегін жауыннан соң жайлаған саңырауқұлақтардай қаптаған үй нысандарына көзің түседі.

Бір-бірімен «кім ұзын» деп иін тірескен балалардай жарысқан нысандардың санында есеп жоқ. Көкке мойын созып, бой көтерген – әне-міне ұшып кететін ракета сияқты.

Алайда тұман мен түтін шөккен қаланың еңсесі қашанда пәс. Содан да шығар, бұл жақ тұрғындарының қабағы ашылып, күліп жүргенін жиі көре бермейсің. Бұл қалаға сонау Шымбұлақтан қарасаң, шалқып жатқан теңіз бе дерсің. Тау етегіне толқын-толқын бұлттар соғылып, кері теуіп, мұңайған Алматыны күн шуағынан қызғанып тұрғандай. Ал бұлт-теңізді тіліп, арасынан басы қылтиып көрінген биік мұнаралар мен нысандар – құдды бір айсберг.

Көп үйлер аласа, енді бірі әжептәуір биіктеп қалған. Ал тағы бірі жетер жеріне жетіп, өзінен төмен үйлерге өктемси көз тастайтын сияқты. Кішкене үйлер кішкене баладай ересек үйлерге жәутеңдей қарайды.

– Сендердің замандарың рақат, – деп бастайды қашандағыдай ересек тамдар әңгімесін. – Біздің кезімізде не бір ағаш, не бір қарауыл болмайтын. Ал сендерге қазір қарасам, тұрғындар аулаларыңды тазалап, күтім жасайды. Қазіргі заман керемет, тап-таза, жып-жылтыр, бәрі бар, – деді бір жағынан жаңа жас ғимараттарды қызғанғандай, екінші жағынан өз тауқыметін еске алып. – Оның үстіне қазір шыны нысандар қаптап кетті. Біздікі сияқты тас қабырғалар бүгінде кемде-кем. Олар біз құсап жүз жыл, елу жыл тұра алар ма екен? Шытынап кетпей ме? – деді қарт ғимарат жаңа үйлерге сығырайған әйнек көзін ақырын қадап.

– Әй, Құдай сақтасын! Қайдағы жоқты сен де айтасың-ау! Лайым, аман болсын! – деді екінші бір ғимарат ананың сөзіне налып.

Осылайша, кеш батса болғаны, терезе көздері жылтырап, мұң торлағандай болады. Әне-міне бұл үйлерді бұзып, орнына жаңасын салатындай көрінетін. Енді қайтсін, қанша замандастары келместің кемесіне мініп, КамАЗ-КамАЗ болып «сүйектерін» тасып әкетіп жатты. Бүгінде ескі құрдастардан қала орталығында бірен-саран ғана қалған. Олардың тілі басқа, бұл топырақта туғанымен, бір-бірін түсінбейді. Олардың әңгіме төркіні көбіне сыздаған қабырғалары, қақсаған кірпіштері, ауырған іргетасы жайлы.

– Әйтпесе, өздері туралы айтып жатқанымызды естіп, ренжіп қалатын шығар, – дейтін бір үй.

– Ренжігені былай тұрсын, көшіп кетеді ғой, қара басып! Сонсоң отырамыз соқа басымыз сорайып, – дейтін екіншісі.

– Адамдар – біздің ішіміздегі жан-дүниеміз ғой. Олармен өмір де қызық. Кім тұрмады, кім келіп, кім кетпеді мына қабырғамның түбінен? Мұны адамдар жүрек дейді ғой, – дейді бірі күліп.

– Біздің жас күніміз керемет еді ғой! Ол кезде уақыт та баяу, берекелі болатын. Ешкім ешқайда асықпайтын. Күні бойы әңгімелесетінбіз, ән айтып, жыр оқитынбыз. Жұмыс та істеп үлгеретінбіз. Ал қазір ше? Қазір жұрт бір-бірімен сөйлесуді қойды. Жүріс-тұрысы асығыс. «Үлгеріп қалсам» дейді. Қу дүние кімге жетті дейсің? Тәлейінен асып қайда барады?

– Сондайда менің де адамдарға айтқым келеді: «Кішкене ентіктеріңді басып, аялдаңдаршы! Қайда асығасыңдар? Одан да өмірді, өздеріңді таныңдар. Не істеп, не қойып жүрмін? – деп өздеріңе сұрақ қойыңдар. Денсаулықтарыңа мән беріңдер!» – деп айтқым келеді. Бірақ олар мені қайдан естісін?

Бұл әңгіме арагідік бүкіл қала қойнауында жаңғырып тұрады, оны бірақ адамдар білмейді.

Қала ішінде үйлерді тонап, ғимараттарды қиратқан бұзақылар пайда болғанда, бейбіт тұрғындар арасынан оларды ажырата алмай қалған. Сондайда үйлер ашынып:

– Бүйткен қалада тұрмаймыз! Кетеміз! Адамдары азғындап, бұзақыланып кетті! – деп налыды.

– Мейірім, махаббат қалмады бұл жұртта! Кетейік, өз жөнімізді табайық! – деді бірі.

– Бізде тұрады, бізді пана етеді, сөйте тұра есік-тереземізді қиратып, қабырғамызды өртейді!

– Біздің ішімізде өмір сүріп жатып, ойнастық жасайды, күнәға белшесінен батып, қылмысқа барады. Ол аздай, өтірік-өсек айтып, ішімізді сасытып бітті.

– Ұрыс-керісін айтпайсың ба? Жылаған балалар, жесірдің көз жасы ше?

– Мойнымызға шығып алып, өз-өздерін мерт еткендерге не дейсің? Ашынасың, зарлайсың, жаңбырлы күні жылайсың, бұлтты күні көздеріңді тұман торлайды… Ақыры не? Бәріне көндігіп кетесің. Осы да жетер! Кетсек, кетейік! – деп жамырады.

Сонда да ешкім ешқайда көшкен жоқ.

Ал қала сыртында темекі шеккен қариядай көмір жағатын үйлер әлі де бар. Олардың мұржаларынан түтін түтеп, түн баласы тынық аспанға сыр шертіп тұрғандай.

– Әй, менде тұратын кісі қиналып болды-ау! Кредиті бар, бала-шағаның нәпақасы бар… Жан-жақтан «ақша, ақша» деп алқымдайды.

– Ой, несін айтасың? – деді қасындағы кішкене қоржын там. – Менде тұратын пақыр да өлместің күнін көріп жүр. Аурушаң шешесі мен үш қызы бар. Олардың оқуы, ас-ауқаты, киім-кешегі тағы керек. Бұл байғұс таксилетіп, мына қаланы күніне үш-төрт рет шыр айналып келеді де, бір мызғып алып, қайта жұмысына аттанады. Тапқан-таянғаны көлігін жөндеуден де артылмай жатады. Не істесін, ілініп-салынып жүр ғой, байғұс.

— Әйелі сол бойы келмеді ме? — деді бергі үйдің тамы мұндағы жайттардан хабардар болса да.

— Қайтып келсін, тастап кетті ғой. Бала-шағасын бәрін қалдырып, бақытын іздеп кетті.

— Ал бақыты осында еді ғой…

— Адамдар кейде ақымақ…

— Ана бір көше басындағы еркек сөйткен-тін, — деді көрші там өзінің дертін ақтамақ сыңаймен, — ол келіншегіне балаларын қалдырып, бай бір әйелге ілесіп кетті. Естуімше, жағдайы жаман емес. Шетелде, теңіз жағасында коттеджде тұратын көрінеді.

Әңгімелері де жақын арада бітпейді, мұржаларынан шыққан түтін де алыстағы паровоздай будақтап, түтеп тұра береді. Алыстан қарасаң, қор-қорын шегіп, жантайып отырған қартамыс кісі құсайды.

— Олардың көңіл күйі, хал-жағдайы маған сіңіп қалғаны сонша, мен де кейде өзімнен-өзім қайғыра беретін болыппын.

— Мен де, — деді екінші бір үй, — біз адамдарға, ал адамдар бізге айналып бара жатқандай ма, қалай?!

Ал әлгі жаңа аудандағы үйлер бір-бірімен жарысып, тез өскен жеткіншектей кәдімгідей бой көтерді. Көп өтпей барлығы теңесіп, қаз-қатар тізіле қалған. Құдды бір бақшадағы ағаштар сияқты. Кейде қамал құсап та кетеді. Көп өтпей бұл үйлердің іші мал-жанға тола бастады: у-шу, бала-шаға, кішігірім базар.

Есік алдына көлік сыймай, жаяу жүргінші жолына шейін шығып алатын. Іңір түсе салысымен, көңілсіз терезелерден — қимастың жанарындай сығырайған жарық жанып жататын. Ауқат пісіріліп, кино көріліп, сондай бір жайлылық сезіледі. Неше түрлі терезе — нешеме жанардай аулаға қарап тұрады. Аулада тұрған кісі өзін құдды бір сахнада тұрғандай сезінеді, айнала қоршаған үйлердің терезелері бақырайып, мұны аңдып тұрғандай.

Иә, аядай ғана аулада балалар қыз-қыз ойнап жатады. Кейде сонша үй көп болғанына қарамастан, есік алды тым-тырыс, жалғызсырап қалады. Ондайда елегізіп, күйзеліп кеткендейсің. Ал биік үйлердің терезелеріндегі әлсіз шамға бір қарап, одан жоғарыға көз жүгірткенде, бірен-саран жұлдыздар орманды бақылап жүрген орманшының фонаріндей сығырайып жанады. Оларға қарап: «Жұлдыздар да аспандағы бір-бір үйдің шырағы емес пе екен? Ол жақта да осындай үйлер, осындай адамдар тұрса ше?» деген ойға қаласың.

Мына жаңа ғимараттардың да адамдар сияқты өз тағдырлары басталып кетті. 741-үй, 2-корпус қасындағы 742-үйге әңгімесін айта жөнелді.

— Қалай, сенде тұрғындар тыныш па?

— Несін сұрайсың? Тоғызыншы қабаттағы шал баянмен ән шырқаса, одан төмендегілер арақ ішіп, түнімен жұрттың мазасын алады. Одан төмен түссең, жас отбасы, күнде төбелес. Тағы бір қабат төмен түссең, студенттер тұрады. Қарқ-қарқ, бітпейтін күлкі. Жан-жақтағы көршілердің де тағдырлары әрқилы. Күйеуі жоқ жесірлер көп, балалары жуас.

— Бірі – жесір, бірі – студент, бірі – борышкер…

— Кейде подъезге қайыршылар кіріп те кетеді, жылу іздеп, бүрісіп

отырады.

— Мысықтар ше, бар ма?

— Кіреберісте ме?

— Иә.

— Кейде кіріп, олар да жылынып алады, бірақ балалар қуып шығады. Осы балаларда қатыгездік қайдан болады-ей, таңғаласың!

— Менде де сол, көбі пәтер жалдап тұрады. Қатқан нанды жібітіп жейтіндер бар. Бірде аш, бірде тоқ. Тағы біреулері қарызға белшесінен батқан. Жағдайы жақсарып қалғандар да жоқ емес, төрт құбыласы түгел, қарапайым.

— Менде тұратындардың ішінде ондайлар некен-саяқ.

— Адам бұзылды ма, заман ба, кім білсін, әйтеуір өтіп жатқан өмір. У-шу, азан-қазан тіршілік. Халықтың пейілі тарылды ма, көршілердің бір-біріне сый-құрметі жоқ.

— Ой, айтпа, — деді іңірге қараған терезесі жабырқап сала берді.

— Бұл адамдар бейбіт те тату өмір сүреміз дегенше, біздің ішіміз тынышталады дегенше қанша заман, неше ұрпақ ауысады екен…

Осылайша, қала ғимараттарының түнде де әңгімесі таусылмайтын.

— Сен білесің бе, жетінші қабатта тұратын тұрғыным бар ғой?

— Иә, Ержан ба?

— Нақ өзі… Кеше жаңа пәтердің кілтін алыпты.

— Көшем дей ме?

— Сөйтпекші… Жақсы болды, сондай салақ еді…

— Қайда көшпек?

— Жаңадан бой көтерген қала шетіндегі үйлердің біріне, — дейтін сонда көп үйлердің бірі.

Жаңа ауданның үйлері бір-бірімен жарыса өсіп келе жатыр. Оларға да ертең жаңа тұрғындар келіп, жаңа әңгімелер басталмақ.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ